«Тамақ қымбаттап жатыр». Мемлекет басшысы шенеуніктерге тапсырма берді
Еліміздегі азық-түлік инфляциясы 24%-дан асқан
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тамақтың қымбаттап жатқанын, қазақстандықтардың табысы аз екенін айтып, Үкіметке тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту керек. Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24%-дан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр, - деді мемлекет басшысы.
Оның пікірінше, Үкімет халықтың табысын арттыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеуі керек.
«Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – халықтың табысын арттыру бағдарламасы. Оны қазіргі жағдайларға сәйкестендіру керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қазақстанда инфляция соңғы 14 жылда болмаған деңгейге жеткенін алға тартқан еді.