Алматы облысының тұрғындары саяжайларға ауыл мәртебесін беруді сұрап отыр
Сенатор Жанболат Жоргенбаев та Үкіметке осы жөнінде сауал жолдады
Алматы облысының бірнеше саяжай массивтерінде тұрғындардың саны артқан. Сондықтан олар тұрғылықты жерлеріне ауыл мәртебесін беруді талап етіп отыр. Бірақ жергілікті билік оған келіспеді, деп хабарлады Halyq Uni Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
10 мыңнан аса адам тұратын ірі елді мекенде жол, су құбыры, газ, интернет және медициналық пункт жоқ. Өйткені қағаз жүзінде ол жер – жай ғана саяжай. Соның кесірінен балалар көрші ауылға барып оқуға мәжбүр. Әрі көрші ауыл мектебіне баратын жол бұзылған.
Кеңес дәуірінен бері «Ардагер», «Спорт 89», «Эстрагон», «Меруерт» елді мекендері саяжай мәртебесінен құтыла алмай жүр. Ал саяжайларға әкімдіктерден қызмет көрсетілмейді.
Ауданды жақын маңдағы ауылдан 6 жолақты автобан ғана бөліп тұр. Алайда жергілікті тұрғындар өздігінен тіршілік етіп, коммуналдық мәселелерді өздері шешеді. Тіпті балаларды мектепке алып бару және қайту үшін кондукторлар жалдаған. Ал мектепке баратын жолдағы шалшық автобустың салонына өтіп кететіндіктен, балалар аяқтарын бүлдірмеу үшін жоғары отыруға тырысады.
Әкімдік бұл мәселелермен таныс болса да ештеңе істей алмайтындарын түсіндірді.
Мәртебе беру біздің құзыретімізде емес. Ал әлеуметтік мәселелерді шешуге келетін болсақ, саяжайлар біздің жауапкершілігімізге кірмейді. Бірақ мүмкіндігінше көмектесеміз. Өткен жылы грейдер бөлініп, ойын алаңы сыйға тартылды, – дейді Жетіген ауылдық округі әкімінің орынбасары Қуаныш Саттарбаев.
Саяжай тұрғындарының жағдайы Парламентте де көтерілді. Алматы облысынан сайланған сенатор Жанболат Жоргенбаев Үкіметке осы жөнінде сауал жолдады. Оның айтуынша, Алматының маңында тұратын 10 мыңдаған ауыл тұрғындары да осындай жағдайда.
«Алматы облысында 674 саяжай бар. Онда 183 мың адам тұрады. Бұл саяжайлар ірі елді мекендерге айналды. Алайда ол жаққа көңіл бөлінбеуі алаңдатады. Ауыз су, газ, жолдар жоқ. Соның салдарынан қоғамдық көліктер жүрмейді. Бұл алаптарға елді мекендер мәртебесі берілмейінше, билік онда инженерлік желілер құрып, басқа да әлеуметтік мәселелерді шеше алмайды», – деп тоқетерін бір-ақ айтты сенатор.