Жыл басынан бері 18 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алған

Динара Амантай

Қандастардың жартысынан көбі Өзбекстаннан келген

Фото: Halyq Uni

1 желтоқсандағы жағдай бойынша, 17 888 этникалық қазақ тарихи Отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 105,7 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, осы жылдың басынан бастап Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (63,5%) Өзбекстаннан, 9,9%-ы – Ресейден, 9,1%-ы – Түркіменстаннан, 8,6%-ы – ҚХР-дан, 4,9%-ы – Моңғолиядан, 4%-ы – басқа елдерден.

Елге оралған этникалық қазақтар негізінен Алматы (27,1%), Маңғыстау (17,7%), Түркістан (8,3%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Алматы (5,5%), Астана (9,1%) және Шымкент (6,6%) қалаларына қоныстанды.

Биылғы 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,4%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілер 26,9%-ды және зейнеткерлер 13,7%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 20%-ы – жоғары білімді, 39,4%-ы – орта кәсіби білімді, 38,9%-ы – жалпы орта білімді және 1,7%-ының білімі жоқ.