×

Катардағы сенсация һәм мұсылман елдері арасындағы тарихи жеңіс

Марокко – футболдан әлем чемпионатының жартылай финалына жеткен Африка мен Араб елдері арасынан шыққан тұңғыш команда

 Халық үні 11.12.2022 | 13:45
фото: reuters

Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының ширек финалында Марокко Португалия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Осылайша Марокко Африка құрлығынан және Араб әлемі елдері арасынан Мундиальдың жартылай финалына жолдама алған тұңғыш мемлекет атанды.

Марокко әлем чемпионатында бес ойын өткізіп, әлі ешкімнен жеңілмей келеді. Топтық кезеңде Хорватия құрамасымен тең ойнап (0-0), Бельгия мен Канаданы жеңді. Ал 1/8 финалда Испанияны жарыстан тайдырып, пенальти сериясында басым түсті. Ширек финалда Португалия ойыншылары Боно қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Марокко командасы бес ойында қақпасына тек бір гол ғана жіберіп, осы чемпионатта тасқамал қорғанысымен танылды.

Енді Марокко 14 желтоқсанда жартылай финалда Франциямен кездеседі. Жеңсе финалда ойнайды, жеңілсе қола медаль үшін таласады.

Марокко – Португалия арасындағы матч Катар астанасы Дохадағы әл-Тумама стадионында өтті. Матч аяқталған соң марокколық футболшылар құдды әлем чемпионы болғандай қуанды. Футболшылар төреші ысқырығы шалынған соң өздерін қолдауға келген мыңдаған жанкүйердің алдында сәжде жасап, бас бапкер Валид Реграгиді аспанға лақтырды.

Марокко құрамында кедей отбасынан шыққан футболшылар көп. Соның бірі – қорғаныста ойнайтын Ашраф Хакими. Ол Катардағы әлем чемпионатына анасын да әкеліп, әр матчтан кейін анасы ұлының бетінен сүйген фотолары интернетті шарлап кетті. 

Анам жұрттың үйін тазалайтын, әкем көшеде әр нәрсе сататын. Олар мен үшін аянбай еңбек етті. Бауырларым да менің табысқа жетуім үшін жанын салды. Мен әр матч сайын сол жандар үшін ойнаймын, барымды саламын, - дейді Ашраф Хакими.

Марокконың кешегі тарихи жеңісінен кейін Софьян Буфаль деген тағы бір ойыншы стадионға анасын алып шығып, оған көпшілік алдында алғыс білдірді.

«Бәрі көрген түстей. Біз жартылай финалға жеттік және соған әбден лайықпыз. Алда жартылай финал, сосын финал бар», - деп ағынан жарылды Софьян Буфаль.

Марокко Африка құрлығында орналасқанымен, Еуропаға өте жақын ел. Сол себепті, марокколық футболшылардың көбі Еуропада туылып, Испания, Франция, Португалия сияқты елдердің клубында ойнайды.

Марокко құрамасы сапындағы белді ойыншылар: Софьян Амбрабат (Нидерландыда туған), Ашраф Хакими (Испанияда туған), Ясин Боно (Канадада туған), Хаким Зиеш (Нидерландыда туған). Бірақ олар тарихи отанын таңдап, Марокко үшін тер төгіп жүр. Мәселен, Софьян Амрабат кезінде Нидерландының U-15 құрамасына шақырту алған. 

Жалпы Катардағы Мундиальдың басты сенсациясы – Сауд Арабиясының Аргентинаны жеңгені емес, жапондардың немістерден басым түсуі емес, Оңтүстік Кореяның Португалияны жеңуі емес. Сенсация – Марокконың жартылай финалға шығып, Африка мен мұсылман елдері арасында бұл межені бағындырған тұңғыш құрама атануы.

Марокко – Солтүстік-Батыс Африкадағы мемлекет. Толық ресми атауы – Мағриб Патшалығы. Ресми тілі – араб тілі. Халқы негізінен ислам дінінің сүннит тармағын ұстанады. 

Марокко халқы – шамамен 33,8 миллион адам. Бұл Египет, Алжир және Суданнан кейінгі халық саны бойынша араб тілінде сөйлейтін әлемдегі төртінші ел. Халықтың шамамен 60 пайызы арабтар, 40 пайызы – берберлер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама