Halyq Uni логотип
×

Ақтөбеде 50-ге жуық саяжайда газ қысымы төмендеді

Қала әкімдігінің өкілдері шағым ең көп түскен аудандарға барды

 Динара Амантай 11.12.2022 | 14:04
Ақтөбеде 50-ге жуық саяжайда газ қысымы төмендеді
Фото: gov.kz

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ, Ақтөбе облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен қалалық әкімдік өкілдері Қалалық сүт зауыты (ГМЗ) және мал базары шағын аудандарындағы «УВД-5», «Облсельхоз», «Радис», «Дидар-Рассвет», «Ақтөбе рентген» сияқты саяжайларды аралап шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, Ақтөбе қаласы аумағында 300-ден астам бау-бақша ұжымдары бар. Бүгінде күннің күрт суытуымен 50-ге жуық бау-бақша ұжымында газ қысымының төмендеуі байқалған. Комиссия мүшелері шағымдар ең көп түскен Қалалық сүт зауыты ауданындағы саяжайларға барды.

Бұл аумақта газ құбырларының иелері - жеке тұлғалар. Саяжай аумақтары қыс айларында тұруға арналмағандықтан, осындай мәселе туындап отыр. Тұрғындар өз бетімен газ тұрбасын тартып, диаметрі 50 см болатын тұрбаларды жүргізген. Ал газдың қысымы жеткілікті деңгейде болуы үшін диаметрі 108 см болатын тұрбалар жалғануы керек. Кейбір бау-бақша ұжымдарында біз өз күшімізбен тұрбаларды дәнекерлеп-ауыстыру жұмыстарын жүргіздік. Бірақ бұл жұмыстарды тұрғындар бау-бақша ұжымдарының төрағаларымен бірге әу бастан талапқа сәйкес жасаулары тиіс. Қазір құжат бойынша иесі жоқ бау-бақша ұжымдарында біз құбырды ауыстыру сияқты күрделі жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ал «УВД-5», «Ақтөбе рентген-13» сияқты иесіз емес саяжайларда төраға газ құбырының диаметрін ұлғайту жұмыстарын өз бетімен жүргізуі тиіс, - деді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АӨФ техникалық инспекциясының басшысы Ернар Мұқанов.

Айтуынша, қазір газ үйлерге үздіксіз жеткізіліп отыр. Дегенмен, қысым төмен көрсетіп тұрған бірнеше саяжай аумақтары бақылауға алынды. 104 және 109 байланыс қызметінің телефондарына түскен қоңыраулар бойынша күні-түні кезекші бригадалар жіберіліп отырады.

Тұрғындардың шағымдары мен өтініштеріне жедел ден қою мақсатында облыс әкімі комиссия құрды, оның құрамына облыстың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен Ақтөбе қаласының тиісті жауапты бөлімдері, «ҚазТрансГазАймақ» өкілдері енді. Комиссия мүшелері тәулік бойы тұрғындар тарапынан түскен шақыртуларға барып, көгілдір үздіксіз беру мәселелерін шешеді, - деді қала әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама