Ақтөбеде алты көлік жол апатына түсті
Жантүршігерлік апат видеосы жарияланды
Ақтөбеде алты көлік жол апатына түсті.
9 наурызда сағат 00:55 шамасында Ә.Молдағұлова мен Әбілқайыр хан даңғылы қиылысында Toyota жол талғамайтын көлігінің 49 жастағы жүргізушісі KIA көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан жолдың бір жолағында тұрған алты көлікке зақым келген, – дейді полиция.
Жол-көлік оқиғасы болған жерден төрт адам жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін босатылған. Сондай-ақ Toyota жүргізушісінің 2020 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
«Облыстық ПД анықтау басқармасы қылмыстық кодекстің 346-бабы 2-бөлігі (көлік басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлікті басқаруы, сол сияқты көлікті басқаруды осындай адамға беру немесе көлікті осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Осы бап санкциясы төрт жылдан алты жылға дейін бас бостандығынан айыру, көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру жазасын көздейді», – делінген ақпаратта.