Комитет лицензиясы жоқ әуекомпаниясының ұшағы аспанға көтерілгеніне қатысты пікір білдірді
Азаматтық авиация комитеті борттың Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін мәлімдеді
Азаматтық авиация комитеті лицензиясы жоқ әуе компаниясының ұшағы аспанға көтерілгеніне қатысты жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Журналист Михаил Козачковтың Telegram арнасында лицензиясынан айырылған Bek Air компаниясының ұшағы Алматыға қонғаны туралы хабарлады.
Жазбада РК8265 бортын Flight Radar арқылы көргені, сондай-ақ фоккер-100 Алматы қаласына ұшып келгені айтылған.
«Bek Air компаниясының ұшақтарына рейс орындауға тыйым салынғанына үш жылға жуық уақыт болды. Компания иесі Нұрлан Жұмасұлтановқа хабарласқанымда ол компанияның лицензиясы жоқ екенін растады. Ұшуға рұқсат беретін сертификаты да тоқтатылған», - деп жазды журналист.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министірлігінің азаматтық авиация комитеті бұл борттың Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін мәлімдеді.
«Михаил Козачковтың әлеуметтік желілерде жариялымына қатысты РК8265 бортының ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін хабарлаймыз. «Қазаэронавигация» РМК Bek Air әуекомпаниясына бұған дейін тиесілі әуе кемелерінің ұшуын тіркеген жоқ», - делінген комитет таратқан ақпаратта.
2020 жылы Bek Air әуе компаниясының сертификаты тоқтатылды.
Айта кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін бірден құлады. Ұшақ бетон қоршауға құлап, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан 12 адам қаза болды. Экипаж командирі оқиға орнында көз жұмса, ауруханадан шыққаннан кейін екінші ұшқыш қайтыс болды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. 2019 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болды.
2022 жылдың сәуірінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Fokker-100 ұшағындағы авиациялық оқиғаны тексеру жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерді.
Bek Air АҚ әуе кемесінде болған апат ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиетінің симметриясын жоғалтуы себеп болғаны анықталған. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен. Одан кейін әуежай периметрі бойынша қоршауын бұзып, сол қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншік құрылыс нысанына соғылған.