Туған қызын бірнеше рет зорлаған ер адам сотталды
Қылмыс жасалған кезде қыз 17 жаста болған
Ақмола тұрғыны 17 жастағы қызын бірнеше рет зорлағаны үшін 16 жылға сотталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қызын бірнеше рет зорлады деп айыпталған Көкшетаудың 43 жастағы тұрғынына қатысты үкім шығарды.
Қылмыс жасалған кезде қыз 17 жаста болған. Әкесі жасөспірімді 2020 жылдың тамызында зорлаған. Ер адам көліктің салонында өзінің арам ойын іске асырған. Қорыққан қыз бұл оқиға туралы анасына айтпаған. Ал жазасыз қалған әкесі кейіннен әрекетін екі рет қайталаған.
Үш айдан кейін, қарашада қыз анасына оқиға туралы айтқан, ал ол полицияға хабарлаған.
Тергеушілер дереу қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-бөлігі («зорлау») бойынша сотқа дейінгі іс қозғады.
Тергеу аясында сот-медициналық және сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалар жүргізді.
Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін жартылай мойындады, алайда тергеушілер жинаған дәлелдемелер оның қылмыс жасағанын толық дәлелдеді. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайларды сот қарастырған жоқ.
Соттың үкімімен ақмолалық 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымды атқара алмайды.
Сондай-ақ қыздың пайдасына 3 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Қазір ер адам бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатыр.