Алматы соттарына қаңтар оқиғасына қатысты 82 қылмыстық іс түскен
2022 жылдың 5 наурызындағы жағдай бойынша, Алматы қаласы соттарында қаңтар оқиғасына қатысты 41 іс қаралып жатыр, 41 іс бойынша үкім шығарылған. Істердің басым бөлігі Алматы және Әуезов аудандарының қылмыстық істер жөніндегі сотына түскен. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен хабарланды.
Қалалық соттың хабарлауынша, істер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі (Тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) бойынша қаралып жатыр, онда екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ең жеңіл жаза 187-бап (ұсақ-түйек жымқыру) бойынша 40 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде, ал ең ауыр жаза - 188-бап (ұрлық) бойынша 2,5-4 жылға бас бостандығын шектеу. Сотта тонаушылар істеген ісіне өкініп, келтірілген шығынды өтегені айтылды. Сот үкім шығару кезінде осыны ескерген.