Halyq Uni логотип
×

Санкциялық шектеулер барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайды – Тоқаев

Қырғыз Республикасында Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр

 Динара Амантай 09.12.2022 | 16:14
Санкциялық шектеулер барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайды – Тоқаев
Фото: bort_01

Белгілі санкциялық шектеулер Еуразиялық одаққа мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырысы барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Біз желтоқсан айындағы кездесулерде дәстүрлі түрде бірлескен жұмысты қорытындылап, алдағы кезеңде атқаратын міндеттерді айқындаймыз. Биыл әлемдік экономика үшін өте ауыр жыл болды. Халықаралық қоғамдастық пандемия зардабынан айығып үлгермей жатып, жаңа геосаяси және экономикалық сын-қатерлермен бетпе-бет келді. Біз бүгінде әлемдегі сауда-саттықты айтарлықтай шектейтін түрлі тыйымдар, квоталар мен баж салықтары енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. ЕАЭО аясындағы ынтымақтастығымыз жаһандық үрдістерден ерекшеленетіні келешекке сенім ұялатады, – деді президент.

Оның айтуынша, сыртқы факторлардың қысымына қарамастан, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше елдермен тауар айналымы қаңтар-қазан айларында 7 пайызға өсіп, 23 миллиард долларға жеткен.

Халықаралық ұйымдардың болжамдары көңіл көншітпейді. Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономиканың өсіміне қатысты болжамды 2,7 пайызға, Дүниежүзілік сауда ұйымы 1 пайызға дейін төмендетті. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық комиссияның дерегі бойынша, ЕАЭО-ға мүше елдердегі тұтыну бағасы өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ол қазан айында Одақтағы инфляция деңгейі 11,5 пайызды құрағанын атап өтті. Оның негізгі өсімі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға тиесілі.

Белгілі санкциялық шектеулер ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің экономикасына қысым жасайтынын мойындау қажет. Сондықтан елдеріміздің комиссиялары мен Үкіметтері бұл мәселеге ерекше назар аударып, санкциялық шектеулердің әсерін жеңілдету жолдарын ұсынуы керек, – деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама