9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қолдауымен елдегі жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында жастарды жұмылдыруға бағытталған «Әділетті Қазақстан – жастардың тандауы» атты акцияның басталғанын хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сұрақтар бойынша тегін кеңес алуға болатын арнайы 1463 call орталық қосылды, сонымен қатар жастардан хабарлама қабылдап, өзекті жаңалықтарды жеткізетін ұйымның әлеуметтік желідегі парақшалары ашылды.
Акция аясында Ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестік жөнінде меморандумға қол қойылып, ол студент жастарды акцияға жұмылдырып, ЖОО қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзектілігі – оның кешенді сипатында. Мемлекеттің ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамның шоғырландырылған күш-жігері қажет. Сондықтан біз «Әділдік жолымен» серіктестік жөнінде меморандумға қол қойдық. Меморандумның басты мақсаты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, ғылыми ұйымдардың студенттері мен қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады».
«Әділдік Жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов ұйым атынан Ғылым және жоғары білім министріне ашықтығы, акцияны қолдауға және іс жүзінде өзінің жемқорлыққа қарсы ұстанымын көрсетуге дайын екендігі үшін алғыс білдірді.
Жақында ғана көпшілігіміз Әділетті Қазақстан үшін таңдау жасадық. Енді жастардың бұл арманға жетуіне нақты мүмкіндік бар. Әрбір азамат сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады, ал біз нақты құралдарды ұсынамыз, - деді Дидар Смағұлов.
Акция бастамашылары, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы үздік идеялар мен жобалар байқауының басталғанын жариялады. Онда әрбір жас сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы көзқарасын ұсына алады.
Дидар Смағұловтың айтуынша, өтінімдер info@adildik.kz электронды мекен-жайына 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін қабылданады. Одан кейін байқау комиссиясы еліміздің әр өңіріндегі үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Сонымен қатар, кейбір идеялар эксперименттік пилоттық жобалар ретінде жүзеге асырылады, яғни жастар өз ұсыныстарының жүзеге асуын өз көздерімен көре алады.
«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов қазақстандық жастардың бәрін осы акцияны жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды, өйткені Әділетті Қазақстанның қалыптасуы әрбір азаматқа, бірінші кезекте жастарға байланысты.
АНЫҚТАМА:
2004 жылдан бастап БҰҰ Бас ассамблеясы жариялаған халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні жыл сайын 9 желтоқсанда атап өтіледі. 2003 жылдың дәл осы күні Мексикада қол қою үшін БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ашылды.