×

Ажар Ғиният Маңғыстау облысының медицина саласындағы мәселелерді атады

Министр өңірдегі бірқатар медициналық объектілерді аралады

 Динара Амантай 09.12.2022 | 12:40
Фото: ortcom.kz

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысы өз бағытын Мұнайлы ауданы Қызылтөбе ауылының ауылдық дәрігерлік амбулаториясына барудан бастады. Дәрігерлік амбулатория 5 мыңнан аса бекітілген халыққа қызмет көрсетеді. Онда 35 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 20 медицина қызметкері бар.

Ауыл тұрғындарын скринингпен қамтуды қамтамасыз ету қажет. Толыққанды зерттеп-қарау үшін КТ, ФГДС жабдықтары болуы керек. Онкологияны уақтылы анықтау үшін медицина персоналының біліктілігін арттыру, оқуға жіберу қажет, – деп атап өтті Ажар Ғиният амбулатория дәрігерлерімен сұхбатында.

Сондай-ақ ол баланы дамыту кабинетінің жұмысымен танысып, дәрігерлерден учаскелерде жүкті әйелдерді және жаңа туған нәрестелерді патронаждау қалай жүзеге асырылатынын сұрады. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде балаларды бақылау тәсілдері өзгерді. Денсаулықтың медициналық көрсеткіштері ғана емес, сонымен қатар баланың дамуының психо-әлеуметтік аспектілері және басқа факторлар да ескеріледі.

Министр әрбір дәрігерге және оның 5-6 көмекшісінен тұратын командасына бір учаскеде 1600 адам тиесілі екенін, сондықтан созылмалы және жіті аурулардың профилактикасы бойынша бекітілген халықпен жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Өз кезегінде егде жастағы пациенттер өткен жылдармен салыстырғанда медициналық көмек көрсету жағдайларының жақсарғанын айтып, дәрігерлік амбулаторияның медициналық жабдықтарының бір бөлігін жаңарту қажеттігін жеткізді.

Содан кейін ведомство басшысы Жаңаөзен қаласындағы жедел жәрдем станциясы бөлімшесінің жұмысымен танысты. Ол жылына 60 мың шақыртуға дейін қызмет көрсетеді. 100-ге жуық фельдшер мен 3 дәрігер жедел және кезек күттірмейтін жәрдем бөлімшесінде жұмыс істейді. Министрді қызметтің техникалық жабдықталуы, машиналардың пациенттерге жету уақыты, қызметкерлердің біліктілігі мәселелері толғандырды.

Бөлімшенің бас дәрігерінің айтуынша, соңғы жылы табысты реанимация көрсеткіштері ұлғайып, емдеуге жатқызуға дейінгі өлім-жітім шамалы өскен. Бұл негізінен ЖКО санының артуына, автожол бойындағы қарқынды көші-қон ағынына байланысты.

Тарифтер бойынша сұрақтарыңызды болжай отырып, олардың қазірдің өзінде көтерілгенін атап өткім келеді және жалақының өсуін ескере отырып, қаржыландыруды да қосуды жоспарлап отырмыз. Бірақ сонымен бірге медициналық көмектің сапасы артуы керек, ол үшін фельдшерлерді үнемі оқытып отыру керек, олар инсульт, жарақат, аллергиялық ұстамалар кезінде қандай көмек қажет екенін нақты білуі керек, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Бұдан әрі сапардың бірінші күнінің бағдарламасы Жаңаөзен қаласының медицина жұртшылығымен кездесумен аяқталды.

Біздің ортақ проблемамыз – медицина кадрларының тапшылығы. Біз медицина кадрларын әлеуметтік қолдауды күшейту, ауыл дәрігерлері үшін көтерме төлемдердің сомасын арттыру мәселесін бастамалаймыз. Екінші мәселе - медициналық ұйымның мүмкіндіктеріне сәйкес медициналық көмектің көлемін біркелкі бөлу, бұл әсіресе жүктемені көтере алмайтын мемлекеттік медициналық мекемелерге қатысты, содан шағымдар көбейіп, сапа төмендейді. Медициналық көмектің бұл көлемін өз міндеттемелерін шағымсыз орындайтын жеке клиникалардың арасында бөлген дұрыс, - деді министр қала дәрігерлерімен кездесуде.

Ол дәрігерлерге денсаулық сақтау жүйесіндегі МӘМС-тің рөлі туралы еске салды, соның есебінен саланың жылдық бюджетіне инвестициялар 800 млрд теңгеге дейін өсті. Әрбір адам 12 айға сақтандыру медицинасына шамамен 36 мың теңге төлей алады және еліміздің кез келген өңірінде емхананы таңдай отырып, медициналық көмектің кең пакетін пайдалана алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама