×

«Алматы» телеарнасы Қаңтар оқиғасы туралы түсірілген деректі фильмнің екінші сериясын жариялады

Деректі фильм бес бөлімнен тұрады

 Халық үні 09.12.2022 | 12:02
Фото: ашық дереккөз

«Алматы» телеарнасы Қаңтар оқиғасы туралы журналистік зерттеу жанрындағы 5 бөлімді «Қайғылы Қаңтар: өрт пен хаос» деректі фильмнің екінші сериясын жариялады.

Almaty.tv хабарлауынша, фильмде эксклюзивті сұқбаттар және бұған дейін беймәлім болып келген фактілер ұсынылды.

Сонымен қатар Қаңтар оқиғасының толық хронологиясын қалпына келтіруге тырысқан. Фильм авторларының айтуынша, филімнің мақсаты – Алматыдағы қаңтар оқиғасының хронологиясын қалпына келтіру арқылы жағдайдың шын мәнінде қалай болғанын көрсету. 

Екінші бөлімнің бір эпизодында телеарна журналистерінің наразылық білдірушілерден курсантты ұрып-соқпауын өтінгені көрсетілген. Сол күні түсіру тобы қалалық әкімдікті басып алу кезінде соққыға жығылған он шақты курсантты құтқарып, таксимен алып кеткен.

«Бастапқыда ғимаратты қиратуға, бүлік жасауға ешкім үндеген жоқ. Мұны жоққа шығармауымыз керек. Ол жерде әр түрлі топ өкілдері жүрді. Бірақ өкінішке қарай соңы тәртіпсіздікке ұласты. Бірақ ол кезде билікке өз талабын  жеткізгісі келген наразылық білдірушілердің 95 пайызы алаңнан кетіп қалған. Арандатушылар бөгет жасағандықтан, оларды ешкім тыңдаған жоқ», – дейді азаматтық белсенді Мақсат Жақау фильмде.

5 қаңтарда Алматыдағы жағдай тіпті қиындаған. Әкімдік пен резиденция өртке оранды, бірнеше полиция бөлімшесі қоршауда қалды, ал әуежайды бүлікшілер жартылай басып алды.

Күштік құрылымдарды, стратегиялық нысандарды, масс-медиа ғимаратын басып алу – мемлекеттік төңкеріс жоспарының айқын белгісі, - деп есептейді сол күндері Қазақстандағы жағдайды мұқият қадағалаған Грузияның әскери саясаттанушысы Вахтанг Маисая.

Кейін полиция департаментінің алдында екі мыңға жуық адам жиналды. Қарулы топтар күштік құрылымдардан берілуін, қоймадағы қару-жарақты беруін талап еткен.

«Бұл ұйымдасқан топ болатын. Жақсылап дайындалған. Олардың бәрінің қолында әскери қару болды. Ал әскери қаруды екінің бірі қолдана алмайды. Қару ұстаған жай адам көздегеніне дәл тигізуі мүмкін емес. Олар тірі адамдарға оқ атты. Ғимараттың ішінде бар екенімізді білсе де, тоқтаған жоқ», - деп еске алады полиция бөлімінің аға инспекторы Ботагөз Есенова.

Полиция департаменті қоршауда болған кезде қарулы топтар күштік құрылымдар қорғауға алмаған әуежайға шабуыл жасай бастады. Әуежай аумағының алдына арнайы киім киген өз адамдарын қойған.  

«Шамамен 15 адамнан тұратын топ келді. Бәрі қаруланған, біреуінің бытыралы мылтығы, біреуінің қолында балтасы бар, тағы бірі білік темір ұстап алған. Қалғандарының бәрінің қолында келдек болды. Олар ұшаққа келіп, траппен жоғары көтерілді, сосын ұшақтың есігін ашпақ болды. Біз есікті ішінен бекітіп тастап, ашқызбадық. Олар білік темірмен, балтамен иллюминаторды қиратпақ болды. «Есікті ашыңдар» деп айқайлады. Егер ашпасақ өртейтінін айтып, қоқан-лоққы көрсетті», - дейді сол күні Алматыдан Шымкентке ұшуға тиіс әуе кемесінің ұшқышы Алмас Байғожин.

Қалада жағдай қиындай түскен. Бір жерде қарулы қақтығыс болып жатса, енді бір жақта бұзақылар мен ұры-қары ойына келгенін істеп жүрді.

Бассыздық болды, ешкім ешкімді жазалаған жоқ, қираған дүкендерді бәрі көрді, бұдан өткен қандай бассыздық болады? Бәлкім олар жаман адамдар емес шығар, алыңдар деген соң ала салған да шығар, - дейді журналист әрі блогер Полина Шиманская.

Брюссельдік сарапшы Альберто Тюркстраның пікірінше, белгілі бір күмәнді, радикалды мақсат көздеген элементтер жағдайды пайдаланып, Қазақстанның Конституциялық құрылымын бұзуға тырысқан.

«Қаңтар оқиғасының бейнежазбасынан топты басқарушы лидерлерді, рация ұстаған ұйымдастырушыларды көруге болады. Менің ойымша, олардың кім екені анықталды. Бірақ көпшіліктің арасында жүргендерді табу қиын. Бір анық нәрсе, бұлардың бәрі алдын ала жоспарланған. Шетелде ұйымдастырылды ма, әлде ел ішінде ме, әйтеуір мұндай жағдай аяқ астынан болмайды. Болған жағдайды сараптағанда халық радикалдық мақсат көздеген үшінші тараптың арбауына түсті деген қорытындыға келдік», - деп түйіндеді сарапшы.

Деректі фильмнің үшінші бөлімі 15 желтоқсанда «Алматы» телеарнасынан көрсетіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама