Сайлаудан кейінгі ауыс-түйіс: мегаполис пен облыс әкімдерінің жасы нешеде

Айгерім Таубай

Әкімдердің орташа жасы – 52,2 жас

Коллаж Halyq Uni

Елімізде президент сайлауынан кейін мегаполис пен облыс әкімдері тағайындалып бітті. Әкімдердің қанша жаста екенін Halyq Uni инфографикасынан біле аласыз.

Әкімдердің орташа жасы – 52,2 жас.

Жасы ең үлкен әкім – Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал Ахметов 68 жаста. Ең жас әкім 41 жаста. Ол – Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ӘКІМДЕР

Ауыс-түйіс барысында жаңадан құрылған облыстардың әкімдері қызмет орнын сақтап қалды. Оның ішінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бар.

Жаңадан құрылған Абай облысын Нұрлан Ұранхаев басқарады. Алматы облысына Марат Сұлтанғазиев басшылық етеді.

Қызметіне қайта тағайындалған әкімдер арасында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов те бар.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысын әрі қарай да басқарады. Атырау облысында да өзгеріс жоқ, өңірге Серік Шәпкенов басшылық етеді.

Ақмола облысының әкімі де ауыспады, Ермек Маржықпаев әкім болып қайта тағайындалды.

Түркістан облысын 2022 жылдың тамызында өңір басшысы болып тағайындалған Дархан Сатыбалды басқарады.

Ірі қалаларға келсек, 2020 жылдан бері Шымкент қаласын басқарып келе жатқан Мұрат Әйтеновті де бұл өзгерістер айналып өтті.

Елдегі Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласының әкімі болған Ерболат Досаев та қызметінде қалды. Ол Алматыны 2022 жылдың қаңтарынан бері басқарып келеді.

Шығыс Қазақстан облысында да өзгеріс жоқ. Өңірді Даниал Ахметов басқарады.

Айта кетейік, Даниал Ахметов 2014 жылдан бері облысты басқарып отыр.

ЖАҢА ТАҒАЙЫНДАУЛАР

2022 жылдың бірінші желтоқсанында Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылды. Сқақов өңірді 2020 жылдың қаңтарынан бері басқарды. Оның орнына Асайын Байханов тағайындалды.

Солтүстік Қазақстан облысын бас жылдан аса уақыт басқарған Құмар Ақсақалов қызметінен босатылды. Алайда Ақсақалов бірден басқа қызметке кірісті. Ол 7 жылдан бері Қостанай облысын басқарған Архимед Мұхамбетовтің орнына жайғасты.

Солтүстік Қазақстан облысын Айдарбек Сапаров басқаратын болды.

Батыс Қазақстан облысында да өзгеріс бар. Бұл облысты енді Нариман Төреғалиев басқарады. 

Қарағанды облысының әкімі ауысты. Енді бұл қызметті Ермағанбет Бөлекпаев атқарады. 2019 жылдан бері облысты басқарған Жеңіс Қасымбек Астана қаласына әкім болды.