«Бұзыңдар, сосын инвестор іздеңдер!». Досаев 6 жыл бұрын өртенген үйдің әлі тұрғанына күйінді
Ол аумақтан бірнеше рет мәйіт шығарылған және 12 рет өрт шыққан
Алматы әкімі Ерболат Досаев 6 жыл бұрын өртеніп кеткен үйді сүруді тапсырды, деп хабарлады Tengrinews.kz.
Алматы әкімінің Медеу ауданы тұрғындарымен кездесуінде 2016 жылдың қазанында өртеніп кеткен, қаңырап бос тұрған үй туралы айтылды.
Тұрғындардың айтуынша, ол жерде қоқыс орны пайда болып, үй-күйсіз жүргендер түнеп, нашақорлар жиналатын болған. Олар бұл аумақтан бірнеше рет мәйіт шығарылғанын және 12 рет өрт шыққанын айтты.
Әкім қарамағындағылардан нысан кімнің балансында тұрғанын сұрады. Сол кезде ол Алматы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорнына тиесілі болып шықты.
Бұған дейін бұл жерге инвесторларды іздестіру жұмыстары жүргізілген еді. Қазір аудан әкімімен келісім болса... – деп КҚК өкілі жауап бере бастады.
Досаев оны тоқтатып, дереу нысанды бұзуды қолға алуды тапсырды.
КҚК есебінен өздерің бұзуларың керек. Қаражат бар ғой? Бұзыңдар, сосын инвестор іздеңдер! - деп бұйырды әкім.