Сот шешімін ерікті түрде орындау үшін шетелдіктерге 10 күн беріледі
Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 221 шетелдік елден шығарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
БҚО ПД Көші-қон қызметінің мәліметінше, биыл 11 айда сот шешімімен елден 221 шетелдік азамат шығарылған. Сот шешімін ерікті түрде орындау үшін шетелдіктерге 10 күн беріледі. Алайда осы уақыт ішінде Тәжікстанның 5 азаматы мен Өзбекстанның 3 азаматы ел аумағынан өз бетінше кетпеген және сот шешімін орындаудан жасырынып қалған. Шығарып жіберу туралы сот шешімін орындау үшін БҚО ПД қызметкерлері 8 шетелдік азаматты Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасына дейін алып жүруді ұйымдастырды.
Сондай-ақ облыс аумағында Өзбекстан Республикасының 2 азаматы жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүрген. Олар өз елдеріне материалдық жағдайға байланысты қайта алмаған. Қазақстан мен Өзбекстан Республикаларының Үкіметтері арасындағы реадмиссия туралы келісім бойынша көші-қон қызметі бұл азаматтарды Өзбекстан Республикасының Ақтау қаласындағы консулдығына алып барды. Онда Отанына қайту үшін құжат рәсімделді. Одан кейін арнайы өкілдер ҚР мемлекеттік шекарасына дейін еріп жүрді.
БҚО ПД көші-қон қызметі құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша өңір аумағында болатын шетел азаматтарын тұрақты негізде бақылауды жалғастырады.