Алматыда педагогика университеті құрылыс компаниясын сотқа берді

Дастан Жұмабекұлы

Оқу орны ғимараттың ішкі жұмысын қайта жөндеуге келіспей отыр

фото: ашық дереккөз

Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті мен оның 7 қабатты ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстарын істеген құрылыс компаниясы соттасып жатыр.

Бүгін құрылыс компаниясының өкілдері жұмыстың ақшасын толық қайтармаған оқу орнының алдына жиналды. Олардың айтуынша, 7 қабатты ғимарттың ішкі жөндеу жұмысын толық аяқтағанмен, білім ордасының басшылығы атқарылған жұмысқа тиесілі 89 миллионның қалған 33 миллион теңгесін бермей отыр. Онымен шектелмей, құрылыс компаниясын сотқа да берген.

Университет басшылығы жөндеуден өткен жерді қабылдап алды. Бірақ ақшаны толық төлемеді. Сотта атқарылған жұмысының бәріне ақша төленді деп жалған ақпарат беріп отыр. Барлық қабатты бүгін бірге жүріп араладық. Бәрінде жарық тұр. Қабырғалары, төбесі жөндеуден өткен. Қол астымыздағы жұмысшылар тығыраққа тірелді. Бәрінің отбасы, несиесі бар. Кеткен олқылық болса, қайта жөндеуге дайынбыз. Бірақ университет басшылығы ондай келісімге келмей отыр, – деді құрылыс компаниясының өкілі Нұркен Табылғанов.

Ал жоғары оқу орнының заңгерлері құрылысшылардың жұмысты тиянақты істемегенін, 30 пайызын сметаға сәйкес аяқтамағанын алға тартып отыр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің заңгері Тұрсынкүл Есдәулетованың айтуынша, білім ордасы құрылыс компаниясын Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берген. Қазір іс азаматтық процесс кодексімен қаралып жатыр.

«Судья өзінің обьективтік заңды шешімін береді деп ойлаймын», –  дейді ол.