Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 60%-дан астамы арыз жазбайды
Сотқа жолданған істердің тең жартысы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады
Елімізде жыл сайын ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңнан аса хабарлама түседі. Алайда оның жартысынан көбі жалғасын таппайды. Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыровтың айтуынша, оған жәбірленушінің арыз жазудан бас тартқаны себеп болады.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, кейінгі бес жылда әйелдердің құқығына қол сұғуға қатысты құқық бұзушылықтар саны азайды.
«Ішкі істер министрлігінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты арнайы жүйе жұмыс істеп тұр. Оның ішінде қорғау нұсқамасы (защитное предписание) мен сот арқылы енгізілетін ерекше талаптар бар. 2022 жылы 72 мыңнан аса қорғау нұсқамасы толтырылды. Бұл қалай іске асады? Полиция қызметкері келіп, жәбірленушіге кез келген қысымнан, қудалаудан (қоңырау шалу, кездесуге келуге мәжбүрлеу, хабарлама) қорғану қажет екенін анықтайды. Қорғау нұсқамасы бір айға жарамды. Қажет болған жағдайда оның уақыты ұзартылады. Оны бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - деді Ренат Зұлхайыров «Жұмыс орнындағы харассмент» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде.
Сондай-ақ сот арқылы бекітілетін арнайы талаптар бар. Ол бір жылға жарамды.
«Қазір үкіметтік емес ұйымдар көмегімен елімізде 64 дағдарыс орталығы жәбірленушілерге көмек көрсетеді. Оның ішінде 52 дағдарыс орталығында әйелдер паналай алады. Жәберленуші ол жерде қонып, қалыпқа келе алады. 2022 жылдың басынан бері 7 мыңнан аса әйел осындай орталықтарға жіберілді. Оның ішінде 2 мыңнан аса адам дағдарыс орталығын паналады», - деді Ренат Зұлхайыров.
Сондай-ақ ішкі істер министрлігінде әйел тергеуші лауазымы енгізілді. Ел бойынша полиция департаментінде 280 жұмыс орны құрылды.
Жәбірленуші әйелдің жиі әрі көп жағдайда әйел тергеушіге сенетінін көріп отырмыз. Әйелдер не жағдай болғанын тергеушіге ашық айта алатын болды. Бұл бізге қандай да бір қылмысты тергеуге мүмкіндік береді, - дейді полицей.
Жалпы алғанда жыл сайын орта есеппен ішкі істер органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңнан аса хабарлама түседі. Оның ішінде 60 пайызынан астамы жалғасын таппайды. Себебі жәбірленуші арыз жазудан бас тартады.
Оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болғаны анық көрініп тұратын жағдайлар болады. Мұндай жағдайда полиция көмек көрсеткісе келсе де, ештеңе істей алмайды. Қолданыстағы заң бойынша, әкімшілік іс жүргізу үшін міндетті түрде жәбірленушінің арызы қажет, - деді Зұлхайыров.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі татуласуға қатысты талапты күшейткелі жатыр.
«Себебі сотқа түскен істердің 50 пайызына жуығы тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады. Біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты екінші рет қайталанған құқық бұзушылық кезінде татуласу мүмкіндігін алып тасталғанын қолдаймыз», - деді ол.
Айта кетейік, елімізде «зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатыр.