Футбол манежіндегі оқиға: Павлодарлық шенеуніктер өлім аузынан қалған бапкердің өзін «кінәлап» отыр
1,2 млрд теңге жұмсалған футбол манежінің едені опырылып түсті
Павлодардағы «Ақсу» футбол клубының бапкері футбол манежінің екінші қабатынан құлап, өлім аузынан қалды. Су жаңа спорт кешенінің едені опырылып түскен.
Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аумағында 1,2 млрд теңге жұмсалып, салынған футбол манежінің сапасына қатысты сұрақ туындап отыр. Онсыз да құрылысы ұзаққа созылға бұл нысан былтыр ғана пайдалануға берілген еді. Футболдан Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын «Ақсу» клубының ойыншылары осы спорт кешенінде жаттығып жүр. Алайда, бұдан былай спорт кешенінде жаттығу өткізу қауіпті болуы мүмкін.
Клуб бапкерлерінің бірі Қазыбек Мамиленов жазатайым жағдайға ұшырады. Футбол манежінің екінші қабатындағы еден опырылып түскен. Салдарынан бапкер үш қабатты үйдің биіктігімен тең жоғарыдан құлап түскен. Бапкер өлім аузынан қалды, бірақ бас сүйегі зақымданып, бел омыртқасынан қатты жарақат алған.
Бұл жағдай жергілікті әлеуметтік желілерге бірден тарап кетті. Жұртшылық футбол манежінің құрылысы сапасыз жүргізілгенін айтады.
Облысымызда құрылыс жұмыстары бақылаусыз қалды. Барлығы есеп үшін жасалады. Бұл жағдай тікелей аймақ басшылығының салғырттығынан орын алып отыр, - дейді қала тұрғыны Темірбек Әбілдебаев.
Мәселенің мәнісін «Ақсу» футбол клубы өкілдерінен сұраған едік. Алайда, ондағылар құрылыс сапасына кінә арта алматынын, бұл жағдайға бапкердің өзі кінәлі екенін айтып отыр.
«Кезекті жаттығудың бірінде доп футбол манежінің шатыры мен екінші қабаттың едені түйісетін жерге түсіп кетті. Жаттығу аяқталған соң Қазыбек Мамиленов ешкімге айтпай, допты алуға барған. Сол сәтте еденнің жұмсақ жабындысы (сэндвич-панель) опырыл кетіп, Қазібек құлап кеткен. Бұған құрылыс сапасының қатысы жоқ», - дейді футбол клубының өкілдері.
Павлодар облысының спорт және туризмді дамыту басқармасының басшысы Дәуір Ерғабылов та дәл осындай пікірде.
«Қазыбек кіруге тыйым салынған қауіпті учаскеге көтерілген. Бұл жағдайды спорт нысанының басшысы мен футбол клубының әкімшілігі бақылауға алуы қажет еді. Оларға қатысты тәртіптік жаза қолданылады», - дейді басқарма басшысы.
Павлодарда төрт-бес жылдың көлемінде «Спорт-сити» жобасы жүзеге асырылуда. Қаланың Солтүстік аумағында жазғы және қысқы футбол алаңдары, заманауи мұз айдыны, жеңіл атлетика кешені мен спортшыларға арналған қонақ үйі бар спорт қалашығы бой көтеруде. Бұл жоба осыдан екі жыл бұрын толығымен пайдалануға берілуі қажет еді. Алайда, жоба құрылысы мерзімінен кешігіп жатыр.