×

Мұғалімдер балаларға жылы көрпе сұратып жатыр: Абай қаласында да жылу нашар

Қала әкімі «жылуды суық жел үрлеп кеткен» дейді

 Еркеғали Болатұлы 07.12.2022 | 13:45
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының Абай қаласында ондаған көпқабатты үй мен мектептерде жылу жоқ. 30 мыңға жуық халықтың тең жартысы пәтерлерінде жылытқыштармен күнелтсе, мектеп мұғалімдері балаларға жылы көрпе сұратып жатыр.

Жұрт пәтеріне жылытқыш қосса да бойын жылыта алар емес. Үйдегі температура күндіз 12-15 градусқа әрең жетеді, ал түнде тіпті төмен болып тұр.

Аязда мектепте сабақ жоқ. Ғимараттар азынап кеткендіктен үйірмелер де уақытша тоқтаған. Жұрт жиналып, осы мәселені әкімге жеткізді. Олар әбден тозығы жеткен жылу жүйесін ауыстыруды талап етіп отыр.

Абай қаласы бойынша циркуляция жоқ. Ертеңгі күндері -40 градустарда батарейлар қатады. Үйде біз қыстың киімімен отырамыз. Тамақ ішкенде терезенің бәрі буланады. Үйдің іші бу, қабырғаның бәрі дымқыл. Өйткені жылу жоқ. Адам өлуі керек пе енді? - деп ашынды қала тұрғыны Ерлан Мұратов.

Ал қала әкімі «жылуды суық жел үрлеп кеткен» деген сылтауды алға тартты.

Қатты аязда жел болғанда үйден жылуды желмен выдувать етіп кететін моменттер болады. Жел басылды, қазір түзеуге тиіс, - деді әкім Медеу Ахметов тілшілерге берген жауабында.

Тұрғындар шаһарға жылу берілгенін жоққа шығармайды, бірақ оның қызуы жоқ. Себебі қысым жоқ, жылу орталығы ыстық суды айналдырып бере алмай отыр. Ал әкім ескірген жылу жүйесін насостарымен қоса ауыстыруға 20 миллиард теңге қажет деп отыр. Тіпті бастапқы жөндеу жұмыстарының өзіне Экономика министрлігі 3 миллиардтай теңгені бөлмей қойыпты.

ГРЭС Топар кентінде орналасқан. Бізге 22 шақырым арақашықтығы бар. Қатты жел болғанда ГРЭС-тен шыққан температура Абайға жеткенше, 20 градустай жоғалады. Қолымызда Абай БАМ носостық станциясынан Абай станциясы аралындағы жылу құбырын ауыстыруға арналған 2 миллиард 800 миллион теңгенің құжаты бар. Соны жасауға биыл облыстық басқармаға өтінім берілген, - дейді Медеу Ахметов.

Қарағанды облысында қазір -30 градус аяз. Мектептерде сабақ тоқтады. Тұрғындардың шағымынан кейін арнайы комиссия құрылған. Олар үйлерді аралап, температураны тексеріп көрмек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама