Екібастұзда кейбір үйлерге уақытша жылу берілмейді – жедел штаб

Дастан Жұмабекұлы

Қалада жерүсті құбырлары орнатылып жатыр

фото: pavlodarnews.kz

Екібастұз қаласында жерүсті құбырларын орнатуға байланысты кейбір үйге жылу берілмейді. Бұл туралы Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Екібастұз қаласында Мәшһүр Жүсіп көшесі, №50 үйдің жанындағы жылу трассасында анықталған және №5А шағын ауданындағы 17 көппәтерлі тұрғын үйдің жылудан ажырауына әкеп соқтыруы мүмкін зақымдануға байланысты жедел штабтың жетекшісі, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр уақытша жерүсті құбыр желісін салу және оны қайта қосу туралы шешім қабылдады.

Дайындық жұмыстары 6 желтоқсан күні басталды. Қайта құрылған құбырды қосу 8 желтоқсанға жоспарланып отыр, - делінген хабарламада.

Жоспарланған жұмыстарға байланысты жылу беру сағат 08:00-ден 13:00-ге дейін Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі №46, №46 «а», №48, №50, №52 үйдің 1-6 корпусында, осы үйде орналасқан №16 «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасында, Қаныш Сәтбаев көшесіндегі №8 үйдің 1-6 корпусында, осы көшедегі №25 орта мектепте, «ҮМIТ» балалар үйінде, Мұхтар Әуезов көшесіндегі №47 үй мен Абай көшесіндегі №26 мектеп-гимназияның ғимаратында жылу уақытша тоқтатылатын болады.