×

Петропавлда 17 бала дүниеге әкелген ана жақында немерелі болды

41 жастағы Татьяна тағы бірнеше бала босанғысы келеді

 Самат Жақып 08.03.2022 | 12:39
фото: Култышевтар әулетінің жеке архивінен

Елімізде ең үлкен отбасы – Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Култышевтар отбасында бүгінгі күні 17 бала бар. Павел мен Татьяна осыдан жиырма бір жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Батыр ана мектепті бітірген соң, яғни он тоғыз жасында тұрмысқа шығады. Ал, ол кезде отағасы жиырма екіде болған.

Тұңғышын жиырма жасында дүниеге әкелген Татьяна қазір он ұл, жеті қыздың анасы. Ал кенжесі жеті ай бұрын дүниеге келген. Қарапайым отбасында тәрбиеленген Татьяна бала күтуден еш шаршаған емес.

«Адам - ұрпағымен бай. Бала деген бақыт. Аман-есен өсіп жатырмыз, біз үшін ең бастысы сол. Тұңғышымыз Инна бой жетіп, тұрмысқа шықты. Оның қазір екі айлық баласы бар. Немере сүйіп, жолдасым екеуміз ата-әже атанып отырмыз. Бізден асқан бақытты жанұя жоқ шығар деп ойлаймын. Тәубе. Ұлдарым мен қыздармның бәрін бірдей жақсы көреміз. Ешқайсын бөліп-жарған емеспіз. Әрине, баланы бағып-қағуда аздаған қиындықтар болып тұрады. Бірақ маңыздысы балапандарымның сыңғырлаған күлкісі. Қазір балаларды қатарынан қалдырмай өсіріп келеміз. Тұрмысымыз жаман емес. Құдай қанша бала берсе, сонша бала босанғым келеді», -дейді Татьяна Култышева.

ОТАҒАСЫ ДА КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫНАН

«Әр баланың несібесі бар» деп санайтын отағасы Павелдің өзі көпбалалы отбасында туып өскен. Ол шағын ғана кәсібін дөңгелетіп отыр. Он саусағынан өнер тамған шебер темірден түйін түйіп, тапсырыспен түрлі бұйымдар жасайды. Кейде жүк тасымалымен де айналысады. Табыс бірде бар, бірде жоқ. Дегенмен, ол ешкімге алақан жайып көрген емес. Ұлдарының алды әкесіне қолқанат болып жүр.

«Дәнекерлеушімін, еңбектен қашпаймын. Кез келген жұмысты істеуге дайынмын. Ал білгенімді әркез балаларыма үйретемін. Себебі, жақсы тәрбие беріп, оларды еңбекке баулу менің басты міндетім ғой. Өзім де көпбалалы отбасынан шыққанмын. Үйде сегіз ағайындымыз. Қазір сегізіміз де ешкімнен кем емеспіз. Сондықтан көпбалалы отбасы болу мен үшін қорқынышты емес. Үлкен ұлдарым әрдайым менің жанымда. Маған көмектеседі. Жазда өздері жеміс егіп, бау-бақшаға қарайласады. Қорамызда аздаған малымыз бар. Соларды жайғайды. Бос уақыттында музыкамен айналысады. Қыздарым Татьянаға көмектеседі, үй жинайды, тамақ істеуге жәрдем береді. Біздің шаңырақта ас үлкен қазанда дайындалады. Үйде қазір 18 жан бар (қызы тұрмыста – авт.). Қыз-келіншектің мойнына артылған жүк – ана болу. Ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік деп санаймын», - дейді отағасы Павел Култышев.

Култышевтар отбасындағы балалардың арасы - бір жас. Қазақстанда он жеті баласы бар жалғыз отбасы Петропавл қаласының шеткі ауданы - Жұмысшы кентіндегі жер үйде тұрады. Отағасы кішкентай баспанасына бөлмелер қосып, екі қабатты етіп жасап алған. 120 шаршы метр аумақты қазір он сегіз жан паналап отыр. Таршылық ететіні рас. Павелдің атында жылжымайтын мүлік болғандықтан, пәтер кезегіне де тұра алмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама