Аршалыда мектепті жөндеуге бөлінген ақшаны жымқырған шенеунік сотталды

Динара Амантай

Ол сыбайластарымен бірге 26 млн теңгеден аса бюджет қаражатын ұрлаған

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында «Еңбек-Аршалы» филиалының басшысы мен мердігер компаниялардың директорлары сыбайлас жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

5 желтоқсанда Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының үкімімен ІІМ ҚАЖК «Еңбек» ШЖҚ РМК «Еңбек-Аршалы» филиалы директорының міндетін атқарушы К.М. Асмагиев сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру жолымен ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған орташа қауіпсіздікті түзеу мекемесінде 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Осы үкіммен оның көмекшілері – мердігер компаниялардың директорлары С.С. Жаманчалов пен Н.С. Жаманчалов 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметтері бойынша, жоғарыда аталған адамдар 2019 жылдың тамыз айынан қыркүйек айына дейін Аршалы ауданы орта мектебінің ғимаратын жөндеуге бөлінген 26 499 067 теңге сомасында бюджет қаражатын ұрлаған.

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.