«Өз топырағымды аңсаймын» - Италияға келін болған 67 жастағы ақтөбелік әйел
Ол актриса ретінде бірнеше италилық картиналарға түскен
Ақтөбе облысында туып-өскен Гүлсім Жұмағұлова 43 жылдан бері Италияда тұрып жатыр. Өмірінің жартысынан көбін жат елде өткізіп жатқан ол «Жібек жолы» арнасының «Қияндағы қандастар» бағдарламасында қонақ болды, деп хабарлайды nur.kz
Гүлсім Жұмағұлова Мәртөк ауданының тумасы. Ол болашақ күйеуімен Мәскеуде оқып жүріп танысқан. Бірақ тағдырдың қалауымен Өзбекстанда жүргенде бас қосады. Сол кезде оның жұбайы Шыршық қаласында жұмыс істеп жатқан.
Гүлсім жолдасымен бірге 1979 жылы Италияға көшіп кеткен. Ол актриса ретінде бірнеше италиялық картиналарға түседі. Ал қазіргі таңда Қазақстан мен Италия коммерциялық сауда палатасында басқарма төрағасының орынбасары ретінде қызмет атқаруда.
Италияда тұрсам да, өз елімді жиі есіме аламын. Көз алдыма қазақтың кең даласы келеді. Қазір 67-демін. Жас келген сайын қазақтың етін, бауырсағын, құртын, бәрін сағынамын. Италияда тұрғаныммен, италияндық болып кеткенім жоқ. Қазақстанды, өз топырағымды сағынып еске аламын, - дейді ол.
Гүлсім Жұмағұлованың ұлы Даниэле-Арман Лупо жағажай волейболынан Италия құрамасының мүшесі, Еуропа чемпионаттарында бірнеше рет топ жарған. Италиядағы қазақ қызы балаларын кішкентай кезде елге жиі әкелген. Енді ер жеткен ұлдары мен немерелерін Қазақстанға әкеліп, Алматы мен Астананы, Түркістанды және өзінің туған жері Ақтөбені көрсеткісі келеді.