Halyq Uni логотип
×

Атырауда 13 жастағы қызды зорламақ болған: оқиғаның мән-жайы айтылды (ВИДЕО)

Жасөспірім қыз ДЦП-ға, яғни церебралды сал ауруына шалдыққан

 Халық үні 06.12.2022 | 19:50

Бүгін Атырауда көлік ұрлаған ер адамның жасөспірім қызды зорламақ болған оқиғасына қатысты тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«НеМолчи» қорының мәліметінше, қыз бала ДЦП-ға, яғни церебралды сал ауруына шалдыққан.

«Анасы сабаққа алып бара жатқанда қызы көліктің ішінде ұйықтап қалған. Әйел жолда көлігін қойып, дүкенге кіріп-шығуды жөн көреді. Дәл сол уақытта әлдебір ер адам көлікке жүгіріп кіріп, ішіндегі науқас баламен бірге ұрлап кеткен. Анасы дереу полицияға хабарласып, көлік ұрланғаны және кәмелетке толмаған баланың ұрланғаны туралы хабарлаған», - деп жазады қор өкілдері желідегі парақшасында.

Тәртіп сақшылары оқиға орнына дер кезінде жетіп үлгерген. Ер адамның нақты не істемек болғанын тергеу анықтайтын болады. Күдікті ұрланған көліктің жүксалғышында шалбарсыз қалпы жасырынып отырған жерінен қолға түсті. Бұл кезде бала көлікте болған.

Аталған жайтқа қатысты пікір білдірген облыстық полиция департаментінің өкілдері қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Кәмелетке толмаған баланы зорлауға оқталу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 4-бөлігі бойынша тергеу басталды», - деп хабарлады құқық қорғау органдары.

Сондай-ақ полицейлер жәбірленушілер мен күдіктінің жеке деректерінің әлеуметтік желілерде таралу фактісі бойынша қызметтік тексеріс бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама