Halyq Uni логотип
×

«Мадияр Серікбаевпен бірге жүрген соң сеніп қалдым». Грузиядан көлік алдырмақ болған астаналық қарызға батты

Жәбірленуші Есіл ауданы полиция басқармасына тексеру жүргізуді талап етіп отыр

 Наима Нұрәлі 06.12.2022 | 17:40

28 жастағы Жарас Тәжімұратұлы Грузиядан арзан бағаға көлік аламын деген үмітпен барып, 7 миллион теңгесінен айырылды. Ол Нұржігіт Құдайбергенов есімді блогердің Instagram желісіндегі жарнамасына сеніп қалғанын айтып ашынды. 23 жастағы жігіт Қазақстандағы автонарықпен салыстырғанда 2-3 миллион теңгеге арзан бағаға Грузиядан көлік әкеліп беретініне сендірген. Бүгінде алданған жандардың шығыны 120 миллион теңгеден асып жығылады екен.

«Сәуір айында туыстарымнан 7 миллион теңге қарыз алып, Нұржігітке аудардым. Сол қарыз берген туыстарымның арасында төртеуінің бірі ғана менімен араласады. 2017 жылғы Hyundai Elantra көлігіне тапсырыс бердім. Утилизациялық алымын төлеп, қазақстандық нөмірмен атыма аударып беруге уәде етті. Бізде ондай көлік 9-9,5 миллион теңге шамасында еді. 10 күнде Қазақстанға жеткізілетінін айтты. Алайда, ақша аударғаныма 9 ай өтті – көлік те, ақша да жоқ», - деп ашынды Жарас.

Жарас Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасына арыз жазған. Сол кезде жас жігітке алданған өзі секілді 13 адам барын біліпті. Артынша блогердің әлеуметтік желідегі парақшасынан «көлігім қайда?» деген жағымсыз пікірді шұғыл өшіріп отыратынын байқаған.

Мен сияқты алданғандардың ішінде арыз жазғаны – 14 адам. Бірақ алаяқтың уәдесіне сеніп, арыз жазбағандар да жоқ емес. Ең сорақысы, ол әлі деп тапсырыс қабылдап жүр, - дейді Жарас.

Жасы 30-ға таяған кейіпкеріміз не үшін жап-жас жігіттің арбауына түсіп қалғанын да түсіндірді. Айтуынша, былтыр ораза кезінде Нұржігіт Құдайбергенов (блогер) «Харекет» қорына қолдау көрсетіпті. Тіпті, «Өнер қырандары» театрының басшысы Мадияр Серікбаевпен бірге жүрген сәттерінен бірнеше видео жариялап, онымен жақын араластығы барына сендірген.

«Оны қайырымдылықпен айналысады деп ойлап жүрсем, нағыз алаяқтың өзі екен. Мадиярмен арам ойын іске асыру үшін араласыпты. Оны актер өзі айтып берді. Грузиядан басқа қалаларға тиеліп жатқан көліктерді видеоға түсіріп, өзі жіберіп жатқандай көрсетеді. Базарда біреудің сатып тұрған көлігін суретке түсіріп, желідегі парақшасында өзі сатқандай жарнамалайды. Жалпы Нұржігіттің атына 14 кісі арыз жазған, оларға 120 миллион теңге қарыз», - дейді Жарас Тәжімұратұлы.

Ең қызығы, бұл іске жауапты тергеуші Нұрлан Ахметов Жарас Тәжімұратұлынан арызын қайтарып алуын сұрапты.

Нұржігіт тергеушінің сұрақтарына нақты жауап бере алмады. Сұрақ-жауапты тергеуші адвокаттың айтуымен жазып шықты. Жаз дегенін жазып, жазба дегенін жазбады. Әрі ұялы телефонын тексермеді. Телефоны қолында, әлі де тапсырыс қабылдап жүр, - деді ол.

Жарас Грузиядағы қазақ жігіттерінен көмек сұрап, Нұржігітпен бірге жұмыс істеген Иракли есімді кәсіпкерден оның қарызы бар-жоғын сұратыпты. Грузиялық кәсіпкер Нұржігітке тиесілі соңғы 53 көлікті жібергенін айтып, еш қарызы жоғын жеткізіпті. Ал Нұржігіт болса, ақшасынан айырылғандарға өзінің де алданып қалғанын айтып, арызын қайтарып алуға шақырып жүр екен.

«Құрылыста істеймін. Қарызға баттым. Туыстарым араласуды қойды. Талабым, Есіл ауданы полиция басқармасына тексеру жүргізілсін. Нұржігіт Құдайбергеновтің төлқұжаты, біздің ақша аударғанымызды дәлелдейтін түбіртек пен жазбаларымыз бар. Соның бәрі назарға алынып, құзырлы орган өкілдері істі толық жүргізсін», - дейді Жарас Тәжімұратұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама