×

Турагенттікке сенген 300-ге жуық жолаушының жоспары бұзылды: қазақстандықтарға өтемақыны кім төлейді?

Әуекомпания жағдайды түсіндірді, ал FunSun туристік агенттігі жолаушылардың шағымына жауап бермеді

 Халық үні 06.12.2022 | 16:50
Фото: Тұрар Қазанғапов

Тайландқа билет алған қазақстандықтардың рейсінің бірнеше күнге шегерілгеніне байланысты өтемақыны туристік агенттік төлейді. Бұл туралы SCAT Airlines әуекомпаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін 4 желтоқсандағы Астана – Пхукет бағытындағы рейстің екі күннен бері кейінге шегеріліп жатқаны хабарланды. Әуекомпанияның хабарлауынша, бұл жағдайға Астана – Пхукет бағытындағы 1 желтоқсанға жоспарланған рейстің бірнеше күнге шегерілуі себеп болған.

«1 желтоқсанда Астана – Пхукет бағытындағы рейстің бірнеше күнге шегерілуі әуекомпанияның келесі күндердегі кестесінің өзгеруіне әсер етті. Әуекомпания жағдайды реттеу үшін және рейсі кейінге шегерілген жолаушыларды уақытында жөнелту үшін шаралар қабылдады. Бұған резервтегі ұшақтар тартылды, кесте оңтайландырылды», - деп хабарлады SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі Halyq Uni тілшісіне.

Бұған дейін жолаушылар демалысты ұйымдастырған туристік агенттік жұмсалған қаражатты қайтаудан бас тартып, жауапкершілікті әуекомпанияға артып отырғанын айтты. SCAT әуекомпаниясы керісінше өтемақы мәселесі бойынша сұрақтарға туристік агенттік жауап беретінін мәлімдеді.

Өтемақы мәселесі бойынша жолаушылар туристік пакетті сатып алған туристік агенттікке жүгінуі қажет. Өтемақыны компания міндетті түрде төлейді, - делінген әуекомпания таратқан ақпаратта.

Әуекомпанияның хабарлауынша, Астанадан Пхукетке жолаушылар 6 желтоқсаннан 7 желтоқсанға қараған түні ұшады.

2022 жылдың 4 желтоқсанында 290 жолаушы ұшуы керек еді. Қазірге дейін 235 жолаушы ұшып кетті. Қалған жолаушылар тобы 6 желтоқсаннан 7 желтоқсанға қараған түні ұшады, - деп хабарлады әуекомпания.

Айта кетейік, демалысты ұйымдастырған FunSun туристік фирмасы мәселеге қатысты нақты жауап бермеді. Телефон арқылы туристік фирманың басшылығы жауап беруге уақыты жоқ екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама