×

SCAT компаниясы жолаушыларды әбігерге салды: астаналықтар әуе рейсінің кейінге шегерілгеніне наразы

Жолаушылар жұмсаған қаражатын қайтаруды талап етіп отыр

 Халық үні 06.12.2022 | 14:39
Коллаж Halyq Uni

Осыдан екі күн бұрын Тайландқа ұшуы керек болған елорда тұрғындары SCAT әуекомпаниясының рейсті күн сайын басқа датаға ауыстырып жатқанына наразы, деп хабарлайды Halyq Uni.

2022 жылдың 4 желтоқсанында Астана – Пхукет бағытындағы рейске билет алған астаналық ақшасын қайтара алмай отыр. Сондай-ақ алты күнге жоспарлаған отбасылық демалысының үш күнге қысқарғанына шағымданды.

«4-11 желтоқсан аралығына Астана – Пхукет бағытына Sunday әуекомпаниясына (SCAT Airlines-тің еншілес компаниясы) билет алдық. Қарашаның соңында рейс уақыты кейінге шегеріле бастады. Сол жаққа баруы керек болған таныстарымыз белгіленген уақытынан бірнеше күн кешігіп ұшты. Бізде де сондай жағдай болды. Бастапқыда бір тәулікке, 4 желтоқсаннан 5 желтоқсанға ауыстырды. Одан кейін 6 желтоқсанға ауысты. 6 желтоқсан кешке хабарласып, 7 желтоқсанға ауысатынын айтты», - дейді билет сатып алған жолаушының бірі.

Жолаушылардың сөзінше, туристік оператор алдын ала брондалған қонақүйдегі бөлменің күнін әрі қарай соза алмайтынын айтқан. Әуекомпания да қайтар рейс 11 желтоқсанда орындалатынын жеткізген.

Ұшып барған соң нақты қай күні қайтатынымыз да белгісіз. Себебі билет 11 желтоқсанға алынғанымен рейс ол жақта да бірнеше күнге кешігуі мүмкін. Дәл сол қонақүйдегі орынды 11 желтоқсаннан әрі қарай созбайды. Яғни, басқа жерге көшу керек болады. SCAT Airlines әуекомпаниясы мұны техникалық ақаумен байланыстырып отыр, - дейді жолаушы.

Жолашылар жұмсалған қаражатты қайтару бойынша өтініш жасаған. Алайда демалысты ұйымдастырған FunSun туристік фирмасы бұл жағдайға әуекомпания жауапты екенін алға тартып, қаржыны қайтарудан бас тартқан.

«Компания мұның форс-мажор жағдай екенін айтып, келісімшартқа сүйеніп отыр. Осылайша бұл сапар орындалды деп есептеледі. Қонақүйге толық көлемде төлем жасағанын айтады. SCAT әуекомпаниясы қашан ұшып, қашан келетініміз туралы нақты ақпарат бермей отыр. Мысалы, біз отбасымызбен бұл демалысқа баруға 4 миллион теңге жұмсадық», - дейді жолаушы.

SCAT Airlines әуекомпаниясының баспасөз қызметі рейстің не себепті кешіккенін анықтайтынын мәлімдеді.

Демалысты ұйымдастырған FunSun туристік фирмасы да нақты жауап бермеді. Телефон арқылы FUN&SUN Kazakhstan дистрибуциясының директоры Балжан Біләлова сұрақтарға жауап беруге уақыты жоқ екенін айтты.

Сонымен қатар редакция рейстердің кешіккеніне байланысты азаматтық авиация комитетіне ресми сауал жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама