Атырауда ер адам көлікті ұрлап, қоқыс жәшігіне жасырынған
Күдіктінің «Көлік ұрысы» мен «Қалта ұрысы» санатында есепте тұрғаны анықталды
Атырауда көлік ұрлап, қоқыс жәшігіне жасырынған ер адам ұсталды.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 5 желтоқсанда сағат 20:00 шамасында 49 жастағы әйел 102-ге хабарласып, 5 минут бұрын үйінің алдында оталып тұрған Nissan Almera көлігін белгісіз адамның ұрлап әкеткенін айтқан. Полицейлер хабарламаны алғаннан кейін сергек бейнебақылау жүйесі арқылы көліктің Әлиев көпіріне бара жатқанын анықтап, оны Махамбет пен Сатыбалдиев көшелерінің қиылысында тоқтатқан. Ал күдікті полицейлерден қашып кеткен.
Күдікті қашып бара жатқанда қарсы бағытқа шығып, жол ережесін өрескел бұзған. Содан кейін полицейлерден жақын маңдағы қоқыс жәшігіне жасырынған.
Полицейлер күдіктіні ұстап, жедел-тергеу тобына тапсырды. Күдікті 34 жастағы ер адам болып шықты. Оның «Көлік ұрысы» мен «Қалта ұрысы» санатында есепте тұрғаны анықталды.