×

Орнында қалған әкімдер: сайлаудан кейінгі ауыс-түйіс

Қазірге дейін 16 өңірді нақты кім басқаратыны және Павлодар облысына уақытша кім басшы болатыны анықталды

 Айгерім Таубай 06.12.2022 | 09:45
Коллаж Halyq Uni

Қазақстан президентін ұлықтау рәсімі өткеннен кейін ірі қалалар мен облыс әкімдеріне қатысты ауыс-түйіс басталды. Қазірге дейін 16 өңірді нақты кім басқаратыны және Павлодар облысына уақытша кім басшы болатыны анықталды. Алайда екі облыс пен ел астанасының әкімі кім болатыны айтылмады. Halyq Uni қызметіне қайта тағайындалған әкімдер мен өңір басшысы қызметіне енді кіріскен әкімдерге шолу жасады.

ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАЛҒАН ӘКІМДЕР

Ауыс-түйіс барысында өз қызмет орнын сақтап қалғандардың арасында 2022 жылы жаңадан құрылған облыстардың әкімдері бар.

Осылайша, Бейбіт Исабаев Жетісу облысының әкімі қызметінде қалды. Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әкімі лауазымына қайта тағайындалды.

Жаңадан құрылған Абай облысын Нұрлан Ұранхаев басқарады. Алматы облысына Марат Сұлтанғазиев басшылық етеді.

Қызметіне қайта тағайындалған әкімдер арасында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов те бар.

Ералы Тоғжанов 2020 жылдың ақпанынан 2022 жылдың тамызына дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. Содан кейін облысқа әкім болып барды. Нұрлыбек Нәлібаев пен Нұржан Нұржігітов те 2022 жылдың сәуірінде облыс әкімі болды. 

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау облысын әрі қарай да басқарады. Атырау облысында да өзгеріс жоқ, өңірге Серік Шәпкенов басшылық етеді.

Ақмола облысының әкімі де ауыспады, Ермек Маржықпаев әкім болып қайта тағайындалды.

Түркістан облысын 2019 жылдан бері жыл басқарған Өмірзақ Шөкеев отставкаға кетуге өтініш бергеннен кейін оның орнына 2022 жылдың тамызында Дархан Сатыбалды тағайындалды. Өңірге келген жаңа басшы қызметін сақтап қалды. 

Ірі қалаларға келсек, 2020 жылдан бері Шымкент қаласын басқарып келе жатқан Мұрат Әйтеновті де бұл өзгерістер айналып өтті.

Елдегі Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласының әкімі болған Ерболат Досаев та қызметінде қалды. Ол Алматыны 2022 жылдың қаңтарынан бері басқарып келеді.

ҚЫЗМЕТІН КІМ БОСАТЫЛДЫ?

27 қарашада Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрғындар жылусыз қалды. Осы тұста ел президенті облыс әкімін қызметінен босату туралы шешім қабылдаған. 2022 жылдың бірінші желтоқсанында Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатылды. Сқақов өңірді 2020 жылдың қаңтарынан бері басқарды.

Оның орнына Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалды.

Өзгерістердің басым бөлігі солтүстік өңірлерде болды. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысын бас жылдан аса уақыт басқарған Құмар Ақсақалов қызметінен босатылды. Алайда Ақсақалов бірден басқа қызметке кірісті. Ол 7 жылдан бері Қостанай облысын басқарған Архимед Мұхамбетовтің орнына жайғасты.

Ал Солтүстік Қазақстан облысын Айдарбек Сапаров басқаратын болды. Ол 2019 жылдан бері ауыл шаруашылығы министрлігінде бірінші вице-министр қызметін атқарған. Араға үш жыл салып өзі туған облысқа басшы болды.

Батыс Қазақстан облысында да өзгеріс бар. Бұл облысты енді Нариман Төреғалиев басқарады. Ол бұл қызметте 2019 жылдан бері облысты басқарған Ғали Есқалиевті алмастырды.

«ТАҒДЫРЫ» ШЕШІЛМЕГЕН ӘКІМДЕР

Өңір әкімдеріне қатысты ауыс-түйістің басым бөлігі 1-2 желтоқсан аралығында болды. Алайда сол уақыттан бері Астана әкімі Алтай Көлгінов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің «тағдыры» әлі шешілмеді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Жеңіс Қасымбектің Астанаға әкім болатыны айтылды. Алтай Көлгінов бұған қатысты пікір білдіре алмайтынын жеткізді.

«Барлығын уақыт көрсетеді. Конституция бойынша, заң бойынша президент қызметіне кіріскен сәттен бастап барлық әкім өз өкілетін өткізеді. Одан кейінгісін мемлекет басшысы шешеді. Уақыт төреші. Біз ел мүддесі үшін, қоғам үшін қызмет етуге әрдайым дайынбыз. Мемлекеттік қызметтің де бар мәнісі осы», - деген еді Алтай Көлгінов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама