Алматы облысында елікті өлтіріп, ат құйрығына байлаған браконьерлер ұсталды
Таяуда Шығыс Қазақстанда да елікті атқан браконьер құрықталған еді
Алматы облысында сібір елігін атып, ат құйрығына байлап қойған браконьерлер ұсталды.
Алматы облысында «Іле-Алатауы» ұлттық паркі инспекторлары сібір елігін атқан браконьерлерді ұстады. Түрген филиалы инспекторлары Қ.Әшімов, М.Байтасов, К.Жылқайдаровтар рейд жүргізген. Барлау кезінде Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қорығы аумағында ат мінген Алматы облысының екі тұрғынынан екі мылтық пен сібір елігін анықтаған.
Бір қызығы, браконьерлер атқан олжасын сол қалпы ат құйрығына байлап қойған. Ұстау кезінде құйрығына елік байланған жануар үркіп, елді мекенге қашқан. Алдымен браконьерлерді құрықтаған инспекторлар артынша елік байланған атты да ұстады, – дейді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Инспекторлар құқық бұзушыларды Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасына жеткізді. Қазір аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бұған дейін Шығыс Қазақстанда елікті атқан браконьер құрықталған болатын.