Қылмысы сотта дәлелденген қаржы пирамидалары қайта қаржы тарта бастаған

Динара Амантай

Кейбір азаматтар қылмыскерлердің жарнамалық науқандарына ілініп, ақша салуды жалғастырып жатыр

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда қылмыстық әрекеті сотта дәлелденген қаржы пирамидаларына қайта қаражат тарту жағдайлары жиілеп барады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оларды бұрынғы жалған инвестициялық қызметтің ойдан шығарылған тұрақтылығын көрсетіп, танымал атауларды, ақша тартудың бірдей әдістерін қолданатын арам пиғылды адамдар ашады. Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі «LV Force», «World Business Consulting», «The Finico», «Caspian Crocus», «B2B Jewelry», «ПК Елімай-2019», «Мебельный проект Нур», «Лидер», «Лидер капитал-168», «Нарымбетова», «Hermes -LTD» және т.б. сияқты қаржылық пирамидалардың қызметіне тосқауыл қойған болатын. Олар қарапайым мессенджерлерден бастап, білім беру курстары мен жылжымайтын мүлік сатып алуға дейін әртүрлі қызмет түрлерін ұсынып, азаматтардан ақша алудың қылмыстық схемаларын жүзеге асырған.

Компаниялар қаржы пирамидасы болып, халық жинаған қаражатынан айырылып жатқанына қарамастан, кейбір азаматтар қылмыскерлердің жарнамалық науқандарына ілініп, ақша салуды жалғастырып жатыр.

Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі профилактикалық жұмыстарға баса назар аударып, оқушылар мен студенттер арасында қаржылық қауіпсіздік және сауат ашу сабақтарын өткізіп, қаржылық пирамида белгілері бар сайттар мен аккаунттарды анықтау үшін заманауи технологияларды қолданады.

Бұл ретте ҚМА азаматтарды қырағы болуға, жинақтарын күмәнді қаржылық компанияларға салмауға шақырады.