Ресейде иврит пен грузин тілдеріне сұраныс артты

Дастан Жұмабекұлы

РФ азаматтарының үйренуге ниет білдірген тілдері арасында қырғыз тілі де бар

фото: moscowtimes.ru

Ресей президенті Владимир Путин мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер арасында иврит және грузин тілдерін үйренуге деген құлшыныс күрт артып кетті. Бұл туралы The Moskow News хабарлады.

Украинадағы соғыс пен елдегі мобилизация ресейліктерді шетел тілдерін жаппай және тездетіп үйренуге көшуге мәжбүр етті. Биылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін мұндағы жұрттың репетиторлар жалдап, шет тілдерін үйрену көрсеткіштері бірден өсті. Осылайша ресейліктер арасында иврит (еврей) тілін үйрену деңгейі 206 пайызға көтерілсе, картвель (грузин) тіліне деген ықылас 198 пайызға, ал серб тілін білгісі келетіндердің қарасы 184 пайызға жеткен.

«Профи» сервисінің мамандары басқа бірқатар тілдерге де осындай қызығушылық болғанын алға тартады.

Біздің сарапшылар 2022 жылғы наурыз-сәуір аралығындағы көрсеткішті алдыңғы қаңтар және ақпан айларымен салыстырып қарастырды, – деп түсіндірді РБК тілшісіне сервистің баспасөз қызметі.

Сол кезде әлгіндегідей күрт өсу қытай, яғни хань (+109%), болгар (+70 %), түрік (+55 %) және армян (+29%) тілдерін репетиторлар арқылы үйренушілер арасында да байқалған.

Сондай-ақ талдаушылар Ресейде мобилизация жарияланып, елдегі жұрт жаппай үргіншілікке ұрынғаннан кейінгі тамыздан қазанға дейінгі аралықтағы мәліметтерді де салыстырып көрген. Сонда қазан айында серб (+221%), түрік (+69%), иврит (+68%), армян (+60%), картвель (+51%), болгар (+50%) және хань (+15%) тілдері бойынша репетиторлар жалдаушылардың мөлшері бәрінен көп екені анықталған.

Ресейліктер арасында шетел тілдерін үйренуге деген қауырт бұлқыныстың бар екенін халықаралық Language Life онлайн-мектебінің негізін қалаушысы әрі жетекшісі Юлия Амлинская да растады.

Бұл толқын шамамен арнайы операцияның басталған уақыты (2022 жыл, наурыз) мен ішінара мобилизация жарияланған мезгілге (2022 жыл, қазан) тұспа-тұс келеді. Тілдерді үйренуге байланысты реакция бірден пайда бола салған жоқ. Жұрттың оқиғалардың барысын бақылап, талдау жасап барып, осындай шешімге келгендері аңғарылады, – деп атап өтті Амлинская.

Ол ресейліктердің үйренуге ниет білдірген тілдері арасында латыш, литван, эстон және қырғыз тілдері де бар екенін сөз етті. Ал қазақ тіліне деген жоғары сұраныс бола қоймаған, бұған Қазақстанда орыс тілі проблемасының жоқ екені, оны меңгерушілік деңгейі жоғары екені әсер етіп отыр дегенді айтты Амлинская.

Armenian.Light онлайн-мектебі армян тілін үйренуге тілек білдірушілердің көптігіне тап келген.

21 қыркүйектен кейін оң динамика байқалады. Армян тілін үйренуге деген сұраныс Ресей азаматтарының Арменияға көптеп қоныс аудара бастағандарына байланысты тағы өсе түсті, – деп түсіндірді жағдайды мектеп басшысы.

Еске сала кетсек, РФ президенті Владимир Путин ішінара мобилизацияны 21 қыркүйекте жариялаған болатын. Оның шеңберінде 300 мың адам әскерге шақырылды. Грузия президенті Саломе Зурабишвили қараша айының ортасында республикаға 700 мыңға жуық ресейліктің келгенін мәлімдеді. Олардың 600 мыңы сосын Арменияға, Түркияға және ЕО елдеріне қарай өтіп кеткен.

Ал Қазақстан билігі қыркүйек айында елге 400 мыңнан аса ресейліктің келгенін, олардың 320 мыңының басқа бағыттарға кеткенін хабарлады. Бұдан басқа, ресейліктер Финляндия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан секілді тағы бірқатар елдерге барды.