Василий Анисимов Алматы қаласында туған. Оның әл-ауқаты 1,6 млрд долларға бағаланады
Ресей миллиардері Василий Анисимов РФ азаматтығынан бас тартып, шетелге біржола көшіп кетті. Бұл туралы Forbes хабарлады.
Ол Ресейдің азаматтығын өткізгеннен кейін Швейцарияға барып, тұрақты қоныс тепкен. Миллиардердің өзі бұл жөнінде Британия тіркеу палатасына құжаттарын өткізді.
Девелоперлік Coalco компаниясының иесі Василий Анисимовтың әл-ауқаты 1,6 млрд долларға бағаланады. Ол Ресейден кеткесін Хорватия азаматтығын алған. Осыны ол 28 қыркүйекте өзінің Degelov UK деген тағы бір компаниясы жұмыс істейтін Ұлыбритания билігіне хабарлаған. Аталған компанияның тағы бір иесі, тең үлескері – қазақстандық бизнесмен Александр Клебановтың ұлы Яков Клебанов екен.
Ал Degelov уран және молибден өндіретін Степногорск тау-химия комбинаты акциясының 40 пайызына ие. Компания Ақмола және Алматы облыстарында молибден, мыс және уран кеніштерін өңдейді.
Degelov 2017 жылы Британияда тіркелген кезде Анисимов РФ-та тұратын Ресей азаматы ретінде атап көрсетілген. Биылғы 12 қазанда ол Путиннің жарлығымен «Отан алдында сіңірген еңбегі үшін» орденінің IV дәрежесімен марапатталды. 1 қазанға дейін Ресей Дзюдо федерациясының президенті болды. Ол 1951 жылы Алматы қаласында туған. Осы жерде Халық шаруашылығы институтын бітіріп, Тверь облысына қоныс аударған.
Биыл бұған дейін Ресейдің бес миллиардері өз елдерінің азаматтығынан бас тартып, шетелдерге қоныс аударып кеткен болатын. Олардың арасында Украинада соғыс басталғаннан кейін Ресейден кетіп қалған Freedom Finance инвестициялық компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов, DST Global компаниясының негізін қалаушы және Mail.Ru Group компаниясының бұрынғы иесі Юрий Мильнер, Revolut компаниясының негізін қалаушы Николай Сторонский, «Тройка Диалог» компаниясының негізін қалаушы Рубен Варданян және Тинькофф банктің негізін қалаушы Олег Тиньков бар.
Мен қазір Қазақстанда еркін демалып, тыныстап жүрмін. Бұл ел өзінің саясаттағы бейбітшілік сүйгіш және қонақжай қалпымен бұдан да бай, тиімді және әділ мемлекет құра алады, – деп жазды Қазақстан азаматтығын алған Турлов.
«Біз 2014 жылы Қырым Ресейге қосылғаннан кейін отбасымызбен бұл елді біржола тастап шықтық. Тек осы жазда ғана Ресей азаматтығынан шығудың ресми шарасын жасадық», – деп жазды Мильнер.
«Мен Ресей азаматтығынан бас тартып, Арцахқа (мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы) көшуге шешім қабылдадым. Маған мұндай шешімге келу оңай болған жоқ, бірақ мұның дұрыс екеніне сенімдімін», – деп мәлімдеді Варданян.
«Мен Ресей азаматтығынан шығуға шешім қабылдадым. Бейбіт жатқан көрші елге соғыс бастаған фашистік елмен бұдан әрі астасып кеткім келмейді және олай ете алмаймын», – деп ашығын айтты Тиньков.
Ол «Путиннің Ресейін» жек көргенімен, «мынау ессіз соғысқа үзілді-кесілді қарсы болып жүрген» басқа ресейліктердің бәрін жақсы көретінін атап өтті.