Елімізде енді дипломмен ғана жұмысқа тұру мүмкін емес

Еркеғали Болатұлы

Диплом біліктілік деңгейінің дәлелі емес екенін мойындау керек

фото: ашық дереккөз

Қызметкерлер теориялық білімін практикада қолдана алатынын дәлелдеп, жұмыс берушіден сертификат алуға тиіс. Яғни қызметке тұру үшін бір ғана диплом жеткіліксіз. Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.

Бұл ретте ол Әлеуметтік кодекске жұмыс күшінің дағдыларын арттыруға қатысты өзгерістер енгізілгенін атап өтті.

Бүгінде диплом жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік деңгейінің дәлелі емес екенін мойындау керек. Сондықтан жұмыс берушілердің көпшілігі нақты тәжірибенің болуын талап етеді. Бұл жастардың жұмысқа орналасуына кедергі келтіруде. Осыған байланысты, ұлттық біліктілік жүйесін дамыту арқылы білім беру жүйесін жұмыс берушілердің талаптарымен байланыстыратын «Кәсіптік біліктілік туралы» заң әзірленді, - деді министр Мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Оның айтуынша, білім бағдарламалары жұмыс берушілердің техникалық тапсырмаларына, яғни кәсіптік стандарттарына сәйкес әзірленеді.

Дағдылар мен құзыреттерді бағалау үшін сертификаттау жүйесі енгізіледі. Мұнда азаматтардың білімін практикада қолдана алу мүмкіндігі, белгіленген жұмысты алып кете алатындай еңбек дағдысы және біліктілігі бағаланып барып, сертификат беріледі. Сертификат тек формалды ғана емес, сонымен қатар формалды емес және информалды білімі бар адамдарға да беріледі, - деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ ол «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданғаннан кейін қызметкердің нақты дағдысы мен құзыретін растайтын сертификат жұмысқа тұру барысында артықшылыққа айналатынын атап өтті.