Halyq Uni логотип
×

«Әрбір төртінші рейс кешігеді»: Әуе компанияларына 24 млн теңге айыппұл салынды

Рейс кешіккен жағдайда әуе компаниялары тегін қызметтер ұсынуы тиіс

 Ая Өміртай 05.12.2022 | 11:56
«Әрбір төртінші рейс кешігеді»: Әуе компанияларына 24 млн теңге айыппұл салынды
фото: budgettravel.com

Биыл қазақстандық авиакомпанияларға 24 млн теңгеден аса айыппұл салынған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Рейстің кешігуіне байланысты жолаушылар құқығы қалай қорғалады деген редакция сауалына Азаматтық авиация комитеті биыл қазақстандық авиакомпанияларға 8 айыппұл салынғанын айтып, жауап берді.

«Рейс кешігуі кезінде жолаушылар құқығығың бұзылу фактісі анықталуына байланысты қазақстандық әуе компанияларына жалпы сомасы 8 000 АЕК (24 504 000тг) болатын, 8 айыппұл салынды. 9 ай ішінде әуе компанияларының ұшу тұрақтылығы шамамен 76% болды», – делінген баспасөз хабарламасында. Яғни, әрбір төртінші әуе рейсі кешігіп ұшады деген сөз.

Сонымен бірге, Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 25 маусымдағы № 390 бұйрығымен бекітілген Азаматтық және эксперименттік авиация үшін ұшуға дайындау қағидаларына сәйкес, әуе компаниялардың ұшу қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда тиісті шаралар қабылдауға тиіс. Мұндай жағдайда рейс кешігіп жатса, әуе компаниясы жауапкершілікке тартылмайды.    

«Алайда, әуе компаниясының кінәсімен рейс кеш орындалған жағдайда, тасымалдаушы жолаушыларға тиісті қызметтер көрсетуі қажет. Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану мен авиация қызметі туралы Заңының 86-бабына сәйкес, рейс кешігу уақытының ұзақтығына байланысты, жолаушыларға тегін салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде тұру, сонымен қатар қонақ үйге және әуежайға дейін көлік қызметтері ұсынылады», – делінген ресми жауапта.

Комитет аталған талаптар орындалмаған жағдайда, авиакомпания Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабына сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын айтады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әуе рейсі кешіккен жағдайда жолаушыларға қандай тегін қызметтер көрсетілуі керек екенін жазған едік. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама