Талдықорған қоғамдық кеңесі Назарбаев көшесінің орнына бұрынғы атауын қайтаруды ұсынды
Қоғамдық кеңесте Талдықорған қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін нақтылау жобасы қаралды
30 қарашада өткен Талдықорған қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында бірнеше мәселе қаралды. Қоғамдық кеңес мүшелері Талдықорған қаласындағы Назарбаев көшесінің орнына бұрынғы Тәуелсіздік атауын қайтару бойынша Жетісу облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатқа ұсыныс хат жіберді.
Жалпы, Талдықорған қоғамдық кеңесінде сәулет және қала құрылысы бөлімінің есебі, Талдықорған қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебі тыңдалды.
Одан бөлек, «Талдықорған қаласының Оңтүстік-Шығыс тұрғын ауданы, Агропромышленник тұрғын үй алабы, Оңтүстік-Батыс тұрғын алабының құрылыс салынбаған шығыс жағы, «Сарыбұлақ» тұрғын алабының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу» жобалары, «Талдықорған қаласы бойынша шетелдіктер үшін 2023 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» жобасы қаралды.
Талдықорған қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетін нақтылау жобасы, Талдықорған қаласының бюджеттік бағдарлама әкімшілерінен түскен жаңа инициативалар мен 2023 жылғы ауысатын нысандар бойынша өтінім тізбесін алдын ала қарастыру мәселелер талқыланды.
Бұған дейін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исаев халық қолдаса, Талдықорғандағы Назарбаев көшесінің атауын өзгертуге дайын екенін және бұрынғы президентке арналған ескерткішті жөндемейтінін мәлімдеген еді.
Әкімнің айтуынша, оның орнына Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылады. Қазір Алматыда жасалып жатқан ол ескерткіш бір-екі айдан кейін дайын болады екен. Биіктігі – 9 метр, ал құны 300 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.