×

Зейнетақы жинағы: Еңбек министрі салымшыларға қатысты өзгеріс енгізілетінін айтты

Министр зейнетақы жинағының бір бөлігін басқа компанияға басқаруға бергенде сақ болуға кеңес берді

 Дәурен Ерболат 05.12.2022 | 11:25
фото © Нұрдәулет Әбікеев

Әлеуметтік кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Әлеуметтік кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылар құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілгелі отыр. Енді белгіленген жеткілікті шектен асатын зейнетақы жинағына азаматтар тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсайды. Сондай-ақ салымшылар зейнетақы жинағының 50%-дан аспайтын бөлігін активтерді басқару жөніндегі компанияға беруге және мұндай компанияны өздері таңдауға құқылы болады», – деді Тамара Дүйсенова Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Министр салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін басқа компанияға басқаруға бергенде сақ болуға кеңес берді.

«Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік тек Ұлттық банк басқаратын жинақ бөлігіне ғана беріледі. Жеке басқаруға берілген зейнетақы жинағының сақталуына және оның табыстылығына салымшы таңдап алған компания жауап береді. Сондықтан әрбір салымшы басқару жөніндегі жеке компанияны таңдаған кезде ықтимал тәуекелдерді ескеруге тиіс», – деп сөзін түйіндеді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама