Абай облысында алкогольді заңсыз өндірген жерасты цехы анықталды
12 канистрге құйылған 1500 литрден аса алкоголь тәркіленді
Абай облысында заңсыз алкоголь өндірумен айналысқан 57 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері алкогольді заңсыз өткізу бойынша жерасты цехын жою жөнінде арнайы операция жүргізді. Контрафактілік алкогольді 57 жастағы Семей тұрғыны үй-жайындағы жертөлесіне жинақтап, қолмен құю цехының желісін жабдықтаған.
Полиция әртүрлі көлемдегі 12 канистрге құйылған 1500 литрден аса алкогольді тәркіледі. Оның жалпы құны 2,5 млн теңгеден асады. Заңсыз өнім үлгілері физика-химиялық сараптама жүргізуге жіберілді.
Бұл факт Абай облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне іс жүргізу шешімін қабылдау үшін тіркеліп, жіберілді, - деді Абай облысы ПД ҰҚҚІҚБ бастығының орынбасары Әсет Шахантаев.