Астанада тұңғыш рет асық атудан Азия чемпионаты өтті
Азия чемпионатына 9 елден сексенге жуық спортшы қатысты
1-4 желтоқсан аралығында Астана қаласының Qsport Center спорт кешенінде асық атудан I Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.
Азия чемпионатына 9 елден, атап айтсақ, Казақстан, Моңғолия, Үндістан, Қытай, Алтай өлкесі (Ресей), Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Пәкістаннан келген 80-ге жуық спортшы қатысты.
Чемпионат аясында барлық команда тартысты додаға түсті. Ақтық сынға сүрінбей жеткен Қазақстан құрамасының қос командасы финалдық ойында өзара бақ сынасты. Нәтижесінде асық атудан Қазақстан құрамасының қос командасы бірінші және екінші орын алса, Қырғыз елінен келген саңлақтар 3-орынға табан тіреді.
Әйелдер арасында өткен «Бес асық» ойыны бойынша Қазақстан құрамасының командалары алғашқы екі орынды бөліссе, үшінші орынды Моңғолия елінің спортшылары иеленді.
Айта кетейік, 2010 жылы қазақтың ұлттық ойынын ұлықтау және оны танымал ету мақсатында азаматтардың ынталы тобымен құрылған «Асық ату» республикалық федерациясы нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Асық ату спортынан жыл сайын 30-ға жуық спорттық шара өткізіледі, соның ішінде Әлем кубогі Румыния мемлекетінің Константа қаласында өтті. 3 халықаралық турнир, 8 Қазақстан Республикасының чемпионаты, дәстүрлі түрде оқушылар спартакиадасы, Қазақстан халқының фестивальдері және ауыл ойындары бағдарламалары шеңберіндегі іс-шараларға қосылып жүр.
Қазір елімізде асық атумен тұрақты түрде айналысатын спортшылардың саны 60 мыңнан асты, өңірлерде 1 388 асық ату спортының үйірмесі бар.