×

Алматылық жалғызбасты ана қыздарын қара суықта мектепке велосипедпен апарып жүр

Велосипедтің үстіндегі қаптағышты «қыздарым жаурамасын» деп үлкен ұлымен бірге жасап шыққан

 Еркеғали Болатұлы 03.12.2022 | 15:10
фото: видеодан скриншот

Қызын қара суықта тоңдырмайын деп күймеге салып, оны велосипедіне жалғаған ананың әрекеті көптің жүрегін елжіреткен. Әлеуметтік желіде тараған әсерлі видеоның кейіпкері – 44 жастағы батыр келіншек Алматыда тұрады екен, деп хабарлады Еуразия телеарнасы.

Көпшілік көзайымына айналған ананың есімі – Елмира Ұғыбаева. Төрт перзенттің анасы екі баласын мектепке әр таңда осылай таситынын айтады.

Әркім өзінің мүмкіндігінше ана болғысы келеді. Менің мүмкіндігім қазір осыған жарап тұр. Әрине, оған да шүкір. Қыздарым ертең бойжеткенде «анамыз бізді осылай алып жүруші еді» деп ойлайтындай үлгі болғым келеді. Басқа кісілерге де үлгі болса деймін, - дейді ол.

Мектеп пен үйдің арасы – 2 шақырым. Сондықтан үш дөңгелекті велосипедті де тапсырыспен алдырыпты. Көпбалалы ананың мамандығы – шаштараз. Жұмысына да осы велосипедімен қатынайды.

Тағы бір айта кетерлігі, велосипедтің үстіндегі қаптағышты «қыздарым жаурамасын» деп үлкен ұлымен бірге жасап шығыпты.

Жазда айдағанмын. Сосын күз уақытында жаңбыр жауып, балалардың аяғынан су өтпесін әрі жылы болсын деп ұлым екеуміз ағаштан сыртын қаптап шықтық, - дейді Елмира Ұғыбаева.

Көпбалалы ананың арманы да аз емес. Көліктен бұрын баспаналы болсам дейді. Себебі жалғызбасты ананың пәтер жағалап жүргеніне де біршама уақыт болыпты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама