Halyq Uni логотип
×

Ақтау тұрғындары кішкентай екі қызды көлік қаққан жолды жауып тастады (ВИДЕО)

Көлікті 67 жастағы ер адам басқарған

 Еркеғали Болатұлы 03.12.2022 | 13:30
Ақтау тұрғындары кішкентай екі қызды көлік қаққан жолды жауып тастады (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Ақтау тұрғындары қарашаның 29-ында кішкентай қызды мерт еткен жол-көлік оқиғасы болған 31А және 31Б шағын аудандары арасындағы жолды жауып тастады. Жағдайға байланысты Маңғыстау облысының полиция басқармасы Lada.kz-ке түсініктеме берген.

Еске сала кетсек, зардап шеккен 5 және 6 жасар екі қыздың бірі көз жұмып, екіншісі ауруханаға жеткізілген еді. Куәгерлердің айтуынша, жиналғандар жол-көлік оқиғасы болған жерде жылдамдықты азайтатын жол кедергісі немесе бағдаршам орнатуды талап еткен.

Ал Маңғыстау облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасын жасаған көлікті 67 жастағы ер адам басқарғанын хабарлады. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы кепілде отыр.

Ашынған азаматтармен Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Асхат Нұрмұханов кездескен. Ол жол апаты болған жерде бақылау камералары мен бағдаршам орнатылады деп сендірді.

«Тұрғындар тарапынан мынадай мәселе қойылды: біріншісі – жол бұдырларын орнату, екіншісі – жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнату, үшіншісі – бейнебақылау камералары. Бейнебақылау орнату бойынша қазір жұмыстар басталды. Крест тәрізді қиылыстардың екі жағына да «ақылды» камералар орнатылады», – деді Асхат Нұрмұханов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама