ХХІ ғасыр - 22 мың жалақы: Таразда «Қазақтелеком» ғимаратын тазалаушылар айлығын өсіруді талап етті
Мердігерлер жалақыны өсіру мәселесі қашан шешілетінін айтты
«Қазақтелеком» акционерлік қоғамының Жамбыл облысындағы филиалында жұмыс істейтін 40 тазалықшы еден жуып, мекеменің тазалығын қамтамасыз еткені үшін айына 22 мың теңге жалақы алатынын жеткізді.
Он жылдан бері жалақысы өспеген қызметшілер қымбатшылықтан зардап шегіп, аз айлыққа әзер күн көріп жүргенін айтты.
«22 мың айлықты қалай жеткіземіз? Ештеңеге жетпейді. Қазір азық-түлік бағасы да аспандап кетті. Өспей жатқаны тек біздің айлығымыз. Біреулер жалақымыздың мөлшерін сұрағанда, айтуға ұяламыз. Бірақ біздегі басшылар осындай болар-болмас тиын төлеуге ұялмайды», - дейді Тараз қаласының тұрғыны Галина Ережепова.
Жалақысы пәтердің коммуналдық шығынын жабудан аспайтын «Қазақтелеком» қызметшілері жан бағу үшін, бала-шағасын асырау үшін жұмысынан кеткен әріптестерінің аумағын тазалап, қосымша нәпақа табуға мәжбүр екен.
«Үстеме ақша табу үшін кеткен қызметкерлерге тиесілі аумақты жуамыз. Сонда күніне 2 аумақты сүртіп, тазалаймыз. Қиын. Ал, басқа мекемедегі еден жуушылардың жұмыс ауқымы біздікімен бірдей, бірақ айына 60-70 мың жалақы алады. Бұрын денсаулыққа зиянды құрылғылар тұрған қызметтік бөлмелерді жуғанымыз үшін арнайы сүт өнімдерін беретін. Қазір ол да жоқ», - дейді тағы бір «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық филиалының қызметшісі Светлана Сайганова.
Ұлттық байланыс операторының облыс бойынша өкілі тазалықшылар айлықты тікелей АҚ филиалынан емес, жекелеген мердігерлер арқылы (тендер) алатынын жеткізді. Ал жалақы мөлшерін сол мердігер компаниялар өзі бекітеді екен.
Олар бізге қарамайды. Өздері бөлек келісімшарт жасайды. Біз тек сол мердігерлерге ақшасын төлейміз, – деді «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық филиалының маманы Ерлан Атабеков.
Ал, мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс істеп отырған кәсіпкер Алматы қаласында тіркелген екен. Жұмысшыларының жүзін де көрмеген басшысы ай сайын бөлінген қаржы жетпегендіктен өзі де қаржыдан қысылып жүргенін айтты.
«Қазір алып отырған ақшамен өзіміз де шығындалып отырмыз. Себебі келісімшарт 3 жыл бұрын жасалғандықтан, қазір алатын заттарымыз қымбаттап кетті. Жалақыны көбейту үшін қызметкерлерді қысқартып, олардың айлығын қалғандарына бөліп берсек деп те ойладық. Бірақ ауыртпалық көп болса, олар шаршайды. Енді 1-сәуірден бастап жаңа келісімшарқа отырамыз. Сол кезде жалақыны көтеруді жоспарлап отырмыз», - деді мердігер Александр Налажанов.
Мердігер компанияның басшысы тазалықшыларға аз айлық төленетінін жұмыс күнінің толық еместігімен байланысты. Ол қызметшілердің басқа да қосымша жұмыс істеп, пайда табуына қарсы емес. Сондай-ақ сәуір айында олардың жалақысын 20% өсіретінін айтты.