«Ресейлік дезинформация жүйелі әрекет етеді». Сарапшы пропаганданың жаңа тәсілдерін атады

Ая Өміртай

Қазақстанда Ресейдің 194 телеарнасы тіркелген

Коллаж: Halyq Uni

Украиналық сарапшы ресейлік дезинформация мен пропаганданың жұмыс істеу тәсілдері жайында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

BezBrehni негізін қалаушы, фактчекер Александр Гороховский ақпараттық өрісте қолданылатын ресейлік пропаганданың қандай әдіс-тәсілдер арқылы таралатынын атады. Маманның пікірінше, екі ел арасында әскери қақтығыстан соң дезинформация мен пропагандаға қатысты классикалық түсінік түбегейлі өзгерген.

«27-28 ақпаннан бері дезинформацияға, пропагандаға қарсы іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Осы уақыт аралығында дезинформация мен пропаганданы әшкерелеу бойынша 700-ге тарта кейстер жарияланды. 24 ақпанға дейін жағдайды классикалық түсінікте қарастырдық. Дезинформация жалған ақпарат береді, адастырады, көңіл-күйлерді өзгертеді деген ойда болсақ, бірқатар мысалдарды талдағаннан кейін дезинформацияның мүлде басқаша екенін түсіндік. Себебі оның мәні анағұрлым тереңде. Оның соққылары анағұрлым қаттырақ. Оның бұрмалануы күрделі және жүйелі әрекет етеді. Жағдайдың әртүрлілігіне сәйес жұмысымызды бейімдедік», – дейді Александр Гороховский.

Сарапшы РФ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі тарататын ақпарат мәтінін талдай келе, ақпарат мәнін бұрмалай көрсететінін атады. Сондай-ақ, ол ақпарат мазмұнындағы украиналықтарға қатысты сөздердің теріс мәнде берілуін Ресей пропагандасының негізгі нарративін көрсетеді деп санайды.

«РФ қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі күніне екі рет телеграм арналар арқылы ақпарат таратады. Ондағы белгілі бір әскери ұйымдастырушылық есепке көңіл бөлмей, негізгі мәнді бұрмалай беруінен билік пропагандасын түсіне аласыз. Украинаға қатысты сөздер «шетелдік жалдамалылар», «содыр», «Киев режімінің отрядтары», «НАТО-ның нұсқаушылары», «Украин еріктілері», «мыңдаған националистер» деп беріледі. Украинаны батыстың колониясы сынды көрсету соғысқа дейін де кең тараған әдіс болатын», – деген ол Ресей пропагандасында ескі классикалық әдістерден бөлек, ондаған жаңа тәсілдер пайда болғанын айтады. Мұндай пропаганданы насихаттаудың жаңа тәсілін сарапшы «новояз» деп атаған. Бұл – оқиғаның өзін ғана бұрмалау емес, жүйелі тәсілмен бұрмалау түрі.

«Соңында түпкі мәнді өзгерту насихатына айналдырып жібереді. Осы себепті көзі ашық деген Ресей азаматтарының қабылдауы мүлде басқаша өзгереді. Манипуляциямен жұмыс істеген симбиоз негативті жүйе құрып жатыр», – дейді ол.

Айта кетелік, 22 қараша күні «Россия-1» телеарнасының эфирінде ресейлік саясаттанушы Д.Дробницкийдің Қазақстанға қатысты айтылған арандатушылық мәндегі пікірі қоғамдық резонанс тудырып, ресейлік телеарналардың Қазақстанға ықпалын азайту туралы жиі айтыла бастады. Ол «Тыңдаңыздар, келесі мәселе Қазақстан екеніне назар аударайық. Өйткені қазір Украинада болып жатқан нацистік процестер сонда да басталуы мүмкін», деген. Мұндай арандатушылық мәндегі мәлімдемелер неше рет айтылды, Сыртқы істер министрлігі мониторинг жасай ма деген сауалымызға баспасөз қызметі былай деп жауап берді:

Қазақстандық тарап ресми тұлғалар тарапынан мұндай мәлімдемелерге жол бермеу туралы пікірімізді Ресейдің саяси басшылығына жүйелі түрде жеткізетінін хабарлаймыз және Ресей тарапы оларға ықпал ету шараларын қабылдайтынын мәлімдеп тұрады. Жеке тұлғаларға келетін болсақ, олардың мәртебесін ескере отырып, біздің дәлелдеріміз ұсынымдық сипатта екенін хабарлаймыз. Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы еліміздің қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін қажет нәрсенің бәрін жасайды, – деп жауап берді СІМ баспасөз қызметі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жауабында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 1-тармағына сәйкес уәкілетті органда есепке қойылған БАҚ өнімін шығару немесе тарату меншік иесінің немесе соттың шешімі бойынша тоқтатыла тұруы, не тоқтатылуы мүмкін екені айтылған.

Министрлік ресейлік арналарда мемлекеттік насихаттың бар екенін жоққа шығармайды. Мұндай даулы мәлімдемеге құқықтық баға беруге қатысты тиісті құқық қорғау органдарына жүгіну қажет деп санайды.

Осы мәселе бойынша министрлік бұдан бұрын ұстанымын айтқан болатын, онда кабельдік желілерді тарату провайдер мен телеарнаның арасындағы шарттық-құқықтық қатынастар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатыны хабарланды. Министрлік мемлекет атынан шетелдік арналардан белгілі бір арнаның өкілдігінің болуы туралы талапты сақтауды ғана талап етеді, – делінген ресми жауапта.

Әлеуметтік желі мен сайттарда «Қазақстан аумағында Ресей телеарналарының хабар таратуын тоқтату туралы» петиция жарияланып, оған бүгінде 10 мыңға жуық адам қол қойған.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтындағы мәліметке қарағанда, 2021 жылдың 8 тамызына дейін Қазақстанда 267 шетелдік телерадио арна тіркелген. Оның 194-і – Ресей телеарнасы.