×

Павлодардағы балалар емханасы ғимаратсыз қалды

Емхана басшылығы әлі қаладан лайықты ғимарат таппай жатыр

 Данияр Айтпайұлы 05.03.2022 | 15:30
фото: Halyq Uni

Балалар жылы Павлодар тұрғындары үшін жағымсыз жаңалықтан басталып отыр. Құзырлы мекемелер Павлодардың №1 емханасына қарасты балалар бөлімшесінің жеке орналасқан бес қабатты ғимаратын алып қоймақ.

Нысанды қайта жаңғыртып, жатақханаға айналдыру жоспарланып отыр екен. Ал мекемеде тіркелген 4 мыңнан астам бала енді қайда барып, қалай емделетіні белгісіз. №1 емхана құрылтайшысы Дәурен Сәдуақасов «емхананы босатыңдар!» дегеннен басқа ештеңе түсіндірмегенін жеткізді.

«Балалар бөлімшесі бірнеше медициналық қызмет түрін көрсетеді. Бірақ облыстық қаржы басқармасы наурыз айында 1200 шаршы метр аумақты алып жатқан бұл ғимаратты босатуды талап етуде. Біз қайда барамыз?», - дейді Сәдуақасов.

Бұл мәселе бойынша Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы да осалдық танытып отыр. Басқарма өкілі Ерғалы Асылбек те емханадағы балалар бөлімнешісінің ғимараты қалай да босатылуы қажет екенін айтты.

«Бұл нысан әуел бастан жергілікті медициналық колледждің иелігінде. Сондықтан колледж студенттері үшін жатақхана ашылады. Қазір қайта қалпына келтіру жұмыстарын бастау үшін нысанды құрылыс басқармасының балансына өткізу процесі жүріп жатыр», - деді басқарма өкілі.

Балалар емханасына қатысты мәселе облыс басшысы Әбілқайыр Сқақовтың да құлағына жеткен. Аймақ басшысы қаладағы №1 емхана жекеменшік қолға өткенін еске салып, жаңа ғимарат іздеу жұмысын медициналық мекеменің өзі жүргізуі қажеттігін айтты.

2022 жыл – балалар жылы. Олардың білім мен денсаулық сақтау жүйесіндегі құқықтары шектелмеуге тиіс. Балалар бөлімшесін іздеу және табу - емхана басшылығының жауапкершілігінде. Бос ғимараттар табылса, көшу де қиын бола қоймас, - деді аймақ басшысы.

Әкімдіктің нысанды босату туралы талабынан кейін емхана басшылығы лайықты ғимарат тапқан. Павлодардағы техникалық мектепке арнап салынған ғимарат емхана үшін ыңғайлы екен. Алайда қалалық білім беру бөлімі бұл нысанды беруге бейілді емес.

Емхана басшылығы басқа ғимарат тауып көшкенше, мекемеге жүгінетін балалардың қайда баратыны әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама