×

«Жүрегінде 3 см тесік болған». Атыраулық тұрғын нәрестенің өліміне дәрігерлерді кінәлады

Бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған

 Еркеғали Болатұлы 02.12.2022 | 10:40
фото: tass_spb@tass.ru

Атырау облысының тұрғыны Сәнім Ембергенова 2 айлық немересінің өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуынша, олар шақалаққа тиісті ем-дом жасамаған. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлады.

Ауруханаға барғанша нәресте мүлде мазасызданбапты. Ал дәрігерлер оның жүрегінде 3 сантиметрлік тесік болғанын айтады. Сондықтан аман алып қалу мүмкін болмаған.

Сәнім Ембергенованың айтуынша, келіні жүкті кезінде екі мәрте ультрадыбыстық зерттеу жасатқан. Ол кезде де, тіпті босанған соң да дәрігерлер шақалақта қандай да бір дерт бар екенін айтпаған. Тек бір ай өткен соң дәрігерлердің қабылдауына барған кезде «жүрегінде тесік бар» деп шұғыл ауруханаға жатқызыпты.

Дәрігерлер қарамады. Дәрілерді неге маған сатып алдырады? «Энап» деген дәрі 700 теңге тұрады екен. Кішкентай ғана ақша ғой, оны өзім де алып беретін едім. «Үлкендердің дәрісі» дегеннен кейін алмадым оны. Менің қызыма арналмаған. Оның дозасын көбейтіп салып жіберді ме? - дейді Сәнім Ембергенова.

Ал дәрігерлер сәбидің өте ауыр жағдайда екенін жүрегін ультрадыбыстық зерттеуге түсіргенде білдік деп отыр. 1,5 ай бұрын баланың жүрегінде 3 см тесік болған. Сондықтан ота жасау да мүмкін емес екен. Қолдан келетін барлық ем-домды жасағанмен, аман алып қалу мүмкіндігі аз болған. Келіншектің жүкті кезінде түскен ультадыбыстық зерттеулерде дерттің неге анықтамағанына олар да аң-таң.

3 сантиметр дегеніміз – бала үшін өте үлкен тесік. Ондайда әдетте операцияға 5-6 айда барады. Өйткені ол кезде жүректің ортасы дамымаған. Екі жақтағы клапан да дамымаған. Өкпеге проблема өтіп, екіжақты пневмание болды, - дейді Атырау облыстық балалар ауруханасының бала кардиологы Асылбине Жақсылықова.

Дәрігерлер аурудың бұл түрі ешқандай белгі бермейтінін айтады. Егер ауруханаға алып келмесе, бақытсыз жағдай үйде болуы мүмкін дейді. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Шешім сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес шығарылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама