Тұрғындардың айтуынша, құрылыс заң талаптарына сай жүргізілмей отыр
Алматы облысындағы Бесағаш ауылы мен Алматыдағы Нұр Алатау ықшам ауданының тұрғындары салынып жатқан тұрғын үй құрылысына қарсы шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Тұрғындардың айтуынша, құрылыс заң талаптарына сай жүргізілмей отыр. Сондай-ақ тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасындағы даудың басталғанына екі жылдан аса уақыт болған.
Hayat Group құрылыс компаниясы тұрғындарға алдын ала құрылыс туралы рұқсат сұрамастан және арыз-шағымдарды ескермей көпқабатты үй салып жатыр.
«Жергілікті биліктен бастап, Президент әкімшілігіне дейін шағымдандық. Еш жауап алған жоқпыз. Бесағаштағы 55 коттедж бен 15-ке жуық жеке сектордағы тұрғын үйден маза кеткелі екі жыл болды. Оған себеп — үйлердің ортасынан салынып жатқан 9 қабатты үй құрылысы. Ешқандай құрылыс нормативтері сақталып жатқан жоқ. Біз жан-жаққа айтып шағымданған соң, 2022 жылдың наурызынан бастап 4 айға құрылыс тоқтады. Осы уақыт ішінде мердігер компания құжаттарын рәсімдеп, заңдастырып жүрді», - дейді Бесағаш тұрғыны Бақыт Мұқаев.
Айтуынша, құрылыс жұмыстары түнгі сағат 11-ге дейін жүргізіледі. Соның салдарынан тұрғындар баспанасының қабырғасы жарылған.
«Жерді қазу кезінде жерасты суы биікте орналасқандықтан, су біздің үйге қарай ағады. Үйіміздің іргесі суға толып, лай кешіп жүрміз. Себебі 50 метрдей жерде құрылыс жүріп жатыр. Арақашықтық ешқандай заң талаптарына сай емес. Ал автотұрақты қалай орналастырмақ. Мәселе көп, жауап жоқ», - дейді тұрғын.
Бесағаш тұрғындары үйлердің жақын арада су астында қалу қаупі бар екенін айтады. Ал лас су Үлкен Алматы каналына құйылады.
Бұл мердігер компания Алматыдағы Бостандық ауданындағы Нұр Алатау ықшам ауданында да үй салып жатыр. Тұрғындар «Наурыз» тұрғын үй кешені жанынан «Нayat park» атауымен салынып жатқан кешен құрылысына да наразы. Себебі «Наурыз» тұрғын үй кешеніне тиесілі бақтағы 200-ге жуық ағашты кесіп, орнына үй салып отыр.
«2020 жылы басталған құрылысқа байланысты Бостандық аудандық полициясына арыз жаздық. Сан жылдан бері өсіп тұрғае ағаштарды кесу мен тұрғындардың талап-тілегін ескермей бастап кеткен құрылысты қылмыстық құқық бұзушылық ретінде есептемеді. Тек әкімшілік құқық бұзушылық сипатында қарады. Әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай, 3 қабаттан жоғары үйдің бой көтеруі таудан келетін ауаны қалқалайды. Экологиялық талапқа еш сай емес. Алайда бұл компания 3 қабат саламыз деп, 5 қабатқа жеткізіп отыр», - дейді «Наурыз» ТК тұрғыны Елена Тесленко.
Тұрғындар «Hayat Group» компаниясы басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылуын талап етіп, өрескел заңбұзушылықтардың тоқтағанын қалайды.
Мөлдір Бегімбет, Алматы қаласы