×

Орташа жалақыдан екі есе көп: 2023 жылы кімдердің табысы артады

Жаңа жылдан бастап айлық табысы артатындардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және өрт сөндірушілер бар

 Айгерім Таубай 02.12.2022 | 09:00
Коллаж: Халық үні

2023 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 550 мың теңге болады. Тағы екі миллионға жуық адамның айлық табысы артады. Жаңа жылдағы жалақыға қатысты өзгерістерді Halyq Uni материалынан оқыңыз.

ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ҮШІН ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚ

2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төменгі жалақысы 180 мың теңге болады.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге жалақы алған. 2022 жылдағы көрсеткіш бойынша жұмысқа енді кіріскен маманның ең төменгі жалақысы 110 мың теңге.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 10%-дан 70%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. Қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларың жалақысы 10 пайызға өседі, - деді төтенше жағдайлар министрі.

Алайда төтенше жағдайлар министрлігі басшылығының, оның ішінде министр мен оның орынбасарларының жалақысы көбеймейді.

МҰҒАЛІМДЕР ЖАЛАҚЫСЫ 25%-ҒА АРТАДЫ

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 пайызға өседі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға артып келеді.

Мұғалімдердің еңбекақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.

Жалақыға біліктілік санаты (лауазымдық жалақысының 30%-нан 50%-ға дейін), магистратураға, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы да белгіленеді.

Сондай-ақ дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне сабақтан кейін қосымша спорт секциясын өткізгені үшін ай сайынғы қосымша ақы төленеді.

1,8 МИЛЛИОН АДАМНЫҢ ТАБЫСЫ АРТАДЫ

Елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларға еңбекақыны ең төмен жалақыдан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ең төменгі жалақы мөлшері өскен соң әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы артады.

Біріншіден, ең төмен жалақының көтерілуі «айлығы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төмен жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескеріп, қызметкерлердің басқа санаттарының еңбекақысын қайта қарайды.

МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙЕДІ

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореография академиясы педагогтері мен басқарушы қызметкерлерінің жалақысы артады.

Негізгі өзгеріске сәйкес, мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлері алатын айлық мөлшерлеріне 3,5 арттыру коэффициенті есепке алынады. Бұған дейін осы коэффицент 1,75 болған.

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ АРТА МА?

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңге болатынын айтты.

2021 жылдың қаңтарынан бастап 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. 2022 жылдан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің табысы 20 пайызға артты, - деді министр.

Айтуынша, 2022 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 421 мың теңгеге дейін жеткізілді. Орта медицина қызметкерінің жалақысы шамамен 235 мың теңгені құрады.

Ал 2023 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 561 мың теңге болады деп жоспарланған. Осылайша 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе көп болады.

«ҚАЗФОСФАТТАҒЫ» ӨЗГЕРІС

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазфосфат» ЖШС қызметкерлерінің жалақысына 50 мың теңге, 1 шілдеден бастап тағы 30 мың теңге қосылады.

2022 жылдың қарашасында жұмысшылар наразылыққа шығып, жалақыны көтеруді талап етті. Содан кейін серіктестік басшылығы мен Жамбыл облысы әкімдігі, жұмысшылар кездесіп, еңбек қатынастары бойынша 14 мәселені талқылады.

Олардың қатарында іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, жалақыны көтеру, емдеу-сауықтыруға қаражат қарастыру, цехтардағы зиянды жұмыстар бойынша теңсіздікті қарастыру, арнайы жұмыс киімді мерзімінде ауыстыру және сапасын жоғарылату, жұмысшыларды тасымалдау орындарын ұлғайту, жақсы әрі сыйымды көліктермен қамту бар.

Нәтижесінде жаңа жылдан бастап жұмысшылардың жалақысы артады және 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескеріп, жалақы көлемі жыл сайын өседі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама