×

«Жоспарсыз жүктіліктің тауқыметін тартатын – әйел ғана». Аборт жасатқан Әлияның қыздарға хаты

Оқырман ешкімге айта алмаған ішкі сырымен бөлісті

 Ая Өміртай 01.12.2022 | 16:20
Сурет: ansirh.org

Жасөспірімдерге қарым-қатынас, жыныстық және репродуктивті денсаулық мәселелерінде барынша сауатты болуға көмектесуді мақсат ететін Uyatemes.kz сайты екі жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Halyq Uni. Осы орайда анонимді жұмыс істейтін Uyatemes.kz сайты өз оқырмандарынан келіп түскен хат мәтін көпшілікке жария етуді құп көріп отыр.

Aspan чат-ботымен жұмыс істейтін сайт жастар арасында репродуктивті денсаулық, достық және жыныстық қатынас, отбасын жоспарлау, зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету және есірткі тұтынудың алдын алу туралы сұрақтарға жауап береді

«Мұндай хат біздің Uyatemes.kz поштасына келді. Оқырмандарымыз бізге  ешкімге айта алмаған немесе сол кезде ешкімнен көмек сұрай алмаған, жанын жаралаған өмірдегі оқиғаларын жиі айтып жатады. Біз ұл-қыздарымыздың зорлық-зомбылықтың, сатқындықтың құрбаны болғанын, қиын сәттерде қолдаусыз қалғанын қаламаймыз. Әсіресе қыздардың, әйелдедің өз құқықтарын біліп, өмірлерін бағалап, жазғырудан қорықпай шешім қабылдай алғанын қалаймыз. Сондықтан біз денсаулықты сақтау және жағымсыз салдарынан қалай қорғану керектігі туралы, қандай да бір тосын жағдайда көмек сұрай алатын ресурстар мен мамандарды ұсынамыз», – дейді Uyatemes.kz командасының жетекшісі, тәуелсіз зерттеуші Қарлығаш Қабатова Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Төменде жасанды түсік жасатуға шешім қабылдаған 37 жастағы Әлия есімді оқырманның хатын жариялап отырмыз. Ол жастарға ең алдымен өзіне кешіріммен қарауға және саналы өмір сүру қажеттігін айтады.

АБОРТ – МЕНІҢ ШЕШІМІМ

Жүктілік туралы білгенде не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Дәл сол кезде балалы болу жоспарымда жоқ еді. Серіктесім контрацептив құралдарын қолданғысы келмейтін, ал мен оның шарттарына үнсіз көне беріппін. Сондықтан жүктіліктің алдын алу тек менің міндетіме айналды. Кейінірек мен етеккірдің соңғы күндерінде жүкті болып қалғанымды білдім. Сол күнге дейін алғашқы жыныстық қатынас кезінде немесе қынапқа бітірмегенде, сондай-ақ етеккір кезінде жыныстық қатынас болса, жүкті болмайды деген жалған сөздерге сеніп келдім. Ерте ме, кеш пе, бұның соңы жоспарсыз жүктілікке әкелетіні анық. Мұның бәрі жыныстық сауатымыздың жоқтығы! Бұдан кейін тек дәлелденген ақпаратқа сеніп, дәрігермен кеңесетін болдым.

ӨЗ «МӘСЕЛЕММЕН» ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫМ

Аборт жасату туралы шешім оңайлықпен қабылданған жоқ. Сол кездегі жай-күйімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздің қоғам осындай қадамға барып жатқан қыз-келіншектерді жан-жақтан табалап, бетіне басып жатады. Себеп қандай болса да, бұл жерде жалғыз әйел кінәлі емес. Баланың әкесі намысыма тиетін ауыр сөздер айтып қорлап қана қоймай, осы жағдай үшін бар жауапкершілікті өзіме жүктей салды да, кете берді. Қысқасы, мен өз «мәселеммен» жалғыз қалдым. Некесіз жүкті болып қалғандықтан, жағдайым туралы ешкімге айтқан жоқпын. Қатты қиналдым. Күйзелдім, тығырыққа тірелгендей күй кештім. Ел-жұрттың сөзіне қалып, отбасыңа ауыр тиетін жағдайлардың бірі болғандықтан «әке-шешемді жерге қараттым, ұятқа қалдырдым» деген ой мазалай берді. Баланы да қимай, ойланып біраз жүрдім, не істерімді білмедім. Сөйтіп жалғызбасты ана болуға дайын еместігімді түсініп, жүктілікті тоқтатуды шештім.

Гинеколог дәрігерге жағдайымды айтқан соң, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіп, қажетті талдаулардан өттім. Қаражат жағынан шамамен 40-50 мың теңгедей кетті: 15 000 теңге – жасанды түсік (2016 жылдағы құны бойынша), қалғаны дәрігердің қабылдауына, талдауларды тапсыруға, дәрі-дәрмектер сатып алуға жұмсалды. Екі жұмадан кейін ауруханада жергілікті анестезия арқылы вакуум жолымен түсік жасалды. Кейін гинекологқа біраз уақыт қаралып жүрдім. Жүктілікті жасанды түрде ерте тоқтату менің денсаулығыма ешқандай қауіп төндірмеді, жағымсыз салдар болмады.

ӨМІРІН ТҮЗЕТУГЕ БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІК

Біздің елде әйелдер жүктілікті жасанды түрде тоқтату туралы шешімді өздері қабылдау құқығына ие. Бұл дегеніміз түрлі келеңсіз жағдайлардың құрбаны болып, не болмаса қателіктерге ұрынып жатқан қыз-келіншектердің өмірін түзетуі және өзгертуі үшін берілген мүмкіндік деп білемін. Сондықтан жүкті әйел өз жағдайын дұрыс бағалап, жүктіліктің нақты мерзімін біліп, процедураның зиян тигізбейтініне көз жеткізуі керек. Сонымен қатар жыныстық сауатты болатын кез келген сияқты. Қалай жүктіліктен қорғану керектігін білген күннің өзінде сол жағына тиісті көңіл бөлмейміз. Менің қателігім – өз денеме, денсаулығыма немқұрайлы қарағаным. Өз өмірім үшін жауапкершілікті басқа адамға беріп, қарап отыруым. Өкініштісі, бұл жағдайда ер адамның ештеңесі кетпейді, ол ары қарай да рахатқа бөленіп, тыныш өмірін жалғастыра береді. Ал өмірінде өшпес із қалдыратын жоспарсыз жүктіліктің барлық тауқыметін басынан кешіріп, зардабын көретін жалғыз жан – әйел адам.

Мен сияқты жасанды түсік жасатқан немесе жол айрығында тұрған қыздар мен келіншектерге айтарым: қателіксіз өмір болмайды! Кейде жақсы адамдармен де жаман оқиғалар болып жатады. Өзімізге кешірімді болып, ары қарай саналы өмір сүруге тырыссақ, бәрі де жақсы болатынына сенімдімін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама