Қалайзада Рүстемованың әкесі - Ұлы Отан соғысының ардагері
8 наурыз - халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында БАҚ беттерінде өз бетінше табысқа жеткен, биіктен көрініп жүрген қыз-келіншектер жайлы жиі жазылады. Дегенмен, Halyq Uni тілшісі әйелдер мерекесі қарсаңында басында баспанасы жоқ, жалғыздықтан жапа шегіп жүрген шымкенттік кейуана жайлы мәселе көтермек.
71 жастағы Қалайзада Рүстемованың Шымкентте үй кезегіне тұрғанына 10 жыл болыпты. Содан бері ІІ топтағы мүгедек жанның кезегі бес мыңнан енді ғана 1259-орынға жылжыған. Басында баспанасы жоқ, ешкім қолдау көрсетпеген кейуана әлі күнге дейін вагонды паналап келеді.
«Алатын зейнетақым - 70 мың теңге, ол пәтер жалдауға жетпейді. Сосын біреуден вагон сұрап алдым. Бірінші оны Түркістан облысындағы, Шұбарсуға қойғам. Өз жерім жоқ. Алып таста деген соң Шымкентке әкелдім. Шымкент қаласында да қоятын жер таппай әр жерде сандалдым. Сосын міне, қазір тұрып жатқан жердің иесі мені аяп, вагонымды қоюға рұқсат берді», - деп көзіне жас алды кейуана.
Қария 1951 жылы көршілес Өзбекстан елінде дүниеге келген. Тұрмыс құрмаған, туған бауырлары да жоқ. Әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып, екі қолынан айрылған. Ал анасы ертеректе өмірден озыпты. Сол себепті 35 жыл бойы соғыстан жарымжан күйде оралған әкесін жалғыз өзі бағып-қаққан. 2000 жылдары тарихи отаны Қазақстанға оралып, үй кезегіне де тұрған. Басында соғыс ардагері – әкесіне берілуге тиіс баспана сол күйі бұйырмаған.
«Қандас болсақ та, әкем ҰОС ардагері болса да, бізге үйді сол күйі бермеді. Әкем қайтыс болған соң үйге деген үмітім үзілді. Кейін жақындарым өзіме де баспана кезегіне тұруды меңзеп, оны да істедім. Бірақ 10 жылға жақындады, не кезек жылжымайды, не үйден хабар жоқ. Амал жоқ, тұрағым - осы вагон. Бұл жерде жыл он екі ай тұрмаймын. Көктем шығып, қыс басталғанша жүремін. Кейін күн суыған соң туысқандың үйін жағалаймын», - дейді Қалайзада Рүстемова.
Шіліңгір шілдедегі аптап кезінде вагонның іші мүлде ыстық болады екен. Жасы жетпістен асқан кейуана сонда да вагонды паналауға мәжбүр. Тіпті, вагонын жөндеп беруді сұрап қала әкімдігіне өтініш те айтқан.
Ал, қалалық тұрғын үй басқармасындағылар Қалайзада ананың үй алу кезегі 3-4 жылдан соң келуі мүмкін екенін айтады. Демек, Қалайзада Рүстемова осы вагонды әлі қанша жыл паналайтыны белгісіз. Кейуанаға көмек беремін деушілер болса, +7 702 895 2064 телефон нөміріне хабарласа алады.